ШЫҒЫСТАНУ ФАКУЛЬТЕТІНДЕ «ТҮРКІТАНУ» МАМАНДЫҒЫ БОЙЫНША ҚР ЖОО СТУДЕНТТЕРІ АРАСЫНДА ДӘСТҮРЛІ XIII РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ОЛИМПИАДА ӨТТІ

26.04.2021

Көрулер: 1830

Сәуірдің 26-27 күндері аралығында университетіміздің Шығыстану факультеті Түрксой кафедрасының ұйымдастыруымен «Түркітану» мамандығы бойынша, ҚР ЖОО студенттері арасында дәстүрлі XIII Республикалық олимпиада өткізілді. Олимпиадаға Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ мен әл- Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 2-4 курс студенттері белсене қатысты.
Бірінші кезеңде студенттер түркітану саласының өзекті мәселелері бойынша өздерінің ғылыми жобаларын қорғады. Қазылар алқасының күрделі талаптары мен шарттарына (тақырыптың өзектілігі, ғылыми стилі, негізділігі мен қанықтылығы сияқты) сай жауап беру оңайға соқпады.
Келесі күні талапкерлер түркітанудың теориясы мен практикасына негізделген ауызша сынақтан өтті. Студенттер университет қабырғасында жинаған білімдерін сынға салып, сайысқа түсті.
Жобалық байқау және ауызша теория-практикалық сайыстың қорытындысын шығару барысында Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің студенті Каирова Алия және әл- Фараби атындағы ҚазҰУ-дың студенті Сыздықова Айнурдың жалпы ұпайлары тең түсіп, бірінші орынға талас үшін «блиц» турға қалды.
Осы кезеңдегі бағалау тек мұғалімдердің еңбегін ақтау үшін үлкен жауапкершілікті сезінген студенттердің білімі, ұмтылысымен ғана шектелмеді, бір минут ішінде қойылған сұрақтарға мүмкіндігінше толық және тез жауап беруі керек еді.
Ақтық сәтте жинаған ұпайлар саны және ой жүйріктігімен қатарынан озып шыққан шәкіртіміз – Сыздықова Айнұр талабымен тәнті етті.
Сонымен, «Түркітану» мамандығы бойынша ҚР ЖОО студенттері арасында өткен дәстүрлі XIII Республикалық олимпиадаға жалпы саны он үміткер қатысты. Олардан бірінші орынды әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың студенті Сыздықова Айнұр жеңіп алса, екінші орынға Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дің студенті Каирова Әлия мен әл- Фараби атындағы ҚазҰУ-дің студенті Мұхамеджан Бегімай лайықты деп танылды. Үшінші орынды Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің студенті Бұхарбай Маржан мен әл- Фараби атындағы ҚазҰУ-дің студенттері Амангелді Дилназ және Бейсенқұл Мерей иеленді. Аталған жүлделі орын иегерлері ҚР Білім және ғылым министрлігінің олимпиада «Дипломымен» марапатталды.
Сонымен қатар, Түрксой кафедрасы ұжымы жүлдегерлерді олимпиада сертификатымен, университеттің бағалы, сувенирлік сыйлықтарымен жеңістерін құттықтап, келесі сайыстарға сәттілік тіледі.

 

Түрксой кафедрасының

доцент м.а., PhD Е.А. Қуанышбаев