Чупеков Әбдуғали Әбсалиұлы 80 жаста

Чүпеков Әбдуғали Әбсалиұлы 80 жаста

Халқымызға танымал түркітанушы, төл университетіміздің мақтанышы, еңбек ардагері, қоғам қайраткері, ұлағатты ұстаз Чүпеков Әбдуғали Әбсалиұлы биыл 80 жасқа толды. Ол кісінің білім, ғылым жолдарындағы сүбелі ізденістері мен қол жеткізген табыстары ұшан-теңіз.

Ә.Ә. Чүпеков 1966-1972 жылдары С.М.Киров атындағы Қаз МУ тарих факультетінің күндізгі бөлім деканы, 1972-1984 жылдары аталмыш факультеттің жалпы тарих кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарды.

1983-1987 жылдары тарих факультетінің сырттай оқу бөлімінің деканы болып еңбек жолын жалғастырып, 1989 жылға дейін жалпы тарих кафедрасында доценттік қызмет етті.

Атақты ғалым, профессор 1989 жылы Шығыстану факультетінің негізін қалауға ат салысып, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ шығыстану факультетінің Азия және Африка елдері тарихы кафедрасында жұмыс істеді.

1992-1995 жылы төл университетіміздің Шығыстану факультетінде декан қызметін атқарды.

1999 жылы Қазақстан Республикасы гуманитарлық ғылымдарының Академиясының академигі болып тағайындалды.

Киелі университет қабырғасында жарты ғасырдан астам ғұмырын болашақ білімді де білікті мамандарды дайындауға бағыттаған ардагер ұстаздың жалпы еңбек өтілі 64 жыл, соның 58 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің үздіксіз ғылыми-педагогикалық қызметіне арналған. Білікті тарихшы, шығыстанушы, түркітанушы және көрнекті ұстаз тек киелі шаңырақта ғана емес, сондай-ақ Республикамыздың жоғары оқу орындары мен ТМД елдеріне де кеңінен танымал. Республика көлемінде Азия және Африка елдерінің тарихы курсын ҚазМУ, ҚазПИ мен Қазақ қыздар педагогикалық институтында алғашқы болып қазақ тілінде оқыған лектор.

Белсенді ғылыми-педагогикалық және қоғамдық-саяси қызметі үшін Ә. Чүпеков 1984 жылы 30 мамырда Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің мақтау қағазымен, 2002 жылы 11 ақпанда Алматы қаласы әкімінің Құрмет қағазымен, 2004 жылы 7 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Құрмет қағазымен марапатталды. Сондай-ақ киелі шаңырақ мақтанышы үш мәрте «Тың жерлерді игергені үшін» 1968 жылы, «Енбек ардагері» 1988 жылы және «В.И.Лениннің 100-жылдығына орай «Ерең еңбегі үшін» 1970 жылы КСРО Жоғары Президиумының медалдарымен марапатталды.

100-ге жуық одақтық және республикалық мағынадағы мақтау қағаздары мен Құрмет иегері еңбегі еліміздің тәуелсіздік алғаннан кейінде жоғары бағасын тауып отырды. 2004 жылы 31 тамызда «тыңға 50 жыл» медалімен марапатталды.

Ә.Чүпеков «Таяу Шығыс халықтарының ұлт-азаттық қозғалыстары және әлеуметтік-экономикалық дамуы мәселелері» бойынша ғылыми-зерттеуі аясында 150-дей ғылыми мақала, бірнеше оқу құралдары және монография жариялаған.

1972 жылдан бастап Қазақ энциклопедиясында жарияланған 70-тен аса мақаласы еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін де 2000 жылдан қайта шығарыла бастаған Қазақ энциклопедиясында жалғасын тауып, 30-ға жуық мақалалары жарық көрді.

Соңғы жылдары Ә.Чүпеков орта мектеп оқулықтарын жазу үшін авторлар құрамына енгізілген білікті тарихшы 8-9 сынып оқушыларына арналған « Дүние жүзі тарихы» оқулығының, сондай-ақ орыс және қазақ тілдерінде жалпы орта білім беретін мектептердің жоғары сыныптарына арналған тарих бағдарламаларының авторы.

Құрметті Әбдуғали Әбсалиұлы! Мерейтойыңыз құтты болсын! Деніңізге саулық, шаңырағыңызға шаттық тілейміз! Сіздің тоқсанның төрінен көрініп, арамызда әрқашан бірге болуыңызды қалаймыз!