Кемеңгердің кемел ойы
3/12/2021Әр халықтың әдебиет саласында жемісті кезеңі болады. Мәселен, Францияда ең жемісті кезең – «Романтизм ғасыры» атанып кеткен XIX ғасырды айта аламыз. Шатобрианның «Атала» повесі, Виктор Гюгоның «Козеттасы», Жорж Cандтың «Индиана» романы бұған дәлел. Ал, қазақ халқы үшін XX ғасыр елеулі рөл атқарды. Ахмет Байтұрсыновтың «Тіл-құралы» мен «Әдебиет танытқышы», Жүсіпбек Аймауытұлының «Ақжүніс» пен «Психологиясы», Бейімбет Майлиннің «Азамат Азаматыч» пен «Мырқымбайы», Сәкен Сейфуллиннің «Көкшетауы», Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баяны» қазақ халқының сарқылмас байлығына айналды. «Мұқтаждық – мың өнердің анасы» деп ата-бабамыз айтқандай, әдебиет, көбінесе, қайғысы мен қасіреті мол зобалаң заманда қарыштап дамиды. Ахмет Байтұрсыновтың енгізген төте жазуы, шығарған «Қазақ» газеті, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың уытты поэмалары мен жасынды жырлары, Байронның парламентте өз халқының мүддесін қорғауы, Новалистің білім, ғылымды дамытып, елінің еңселі де ұстыны берік болуы үшін аянбай еңбек етуі сөзімді айғақтайды. Қазақтың ұлы ақындарының бірегейі Сұлтанмахмұт Торайғыров қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырында «Қамар сұлу», «Кім жазықты?», «Кедей» поэмаларымен қатар, очерк, мақала, эссе жазып, жалынды жырларымен халықтың жүрегіне үміт сыйлады. Қараңғы қазақ көгіне, Өрмелеп шығып, күн болам! Қараңғылықтың кегіне, Күн болмағанда, кім болам? Мұздаған елдің жүрегін, Жылытуға мен кірермін! Осындай рухты өлеңді ақын қандай жағдайда жазды? Оны білу үшін мына бір хатқа назар аударайықшы. «Мен өзім жұмасында екі ғана обед етем (ет татам), құр шай мен нан. Киім алғаным жоқ. Киноға, вечерлерге бір мәртаба болсын барғаным жоқ. Күні-түні айналдырғаным ала қағаздың беті. Халім осы. Сонда да қайғырмаймын, бір тиыным қалғанша оқимын. Сонан соң, тұрмыс қандай жүк салса да көтерем. Бірақ көңілім оқуда болмақ. («Тарбағатайға хат».1916ж., Томск қаласы. С.Торайғыровтың екінші томдығы, 1967 ж., «Жазушы» баспасы, 212 бет.) Иә, ақынды жанбағыс жәукемге алғанның өзінде, ақын еш қамықпастан қазақ еліне үміт, сенім, рух дарытты. «Мұздаған елдің жүрегін» үміт отымен жылытты.