26.11.2010
Талас ОМАРБЕКОВ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қазақ халқының ежелгі және орта ғасырлар тарихы кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор:
– Тәуелсіздік, егемендік деген ұғымның қадір-қасиетін жан-дүниемізбен ұға алдық па? Кейбір азаматтар бостандықты бізге оңай келе салғандай көреді. Осыған сіз қалай қарайсыз?
– Қазақ халқының тәуелсіздік алу тарихы өте тереңде жатыр. Тәуелсіздікке келу тарихымыз – тәуелсіздік сөзінің шығуымен байланысты. Арыға бармай-ақ қояйық, мәселен, моңғол тілді қидандардың (қазақ оларды «қарақытайлар» дейді. Бірақ, қидандар қытайлар емес, олар көне моңғол тілінде сөйлейтін қазақтар болатын), одан кейін Шыңғысханның келуі. Оны қанша жерден ірі тұлға дегенмен, оның жорықтарындай отарлау болған жоқ. Әрине, жалпы, моңғол мемлекеті жаулау жолымен құрылғаны белгілі. Ұлы қағанның жаулау жорықтарының қазақ халқының қалыптасуында тиімді тұстары жетерлік. Ол басқа мәселе. Енді, бергі кезеңдерге келсек, қазақ хандығының құрылуының өзі үлкен дүрбелеңдердің, тәуелсіздік үшін күрестің нәтижесі. Жәнібек пен Керей Ақ Орданың аумағынан, Дешті Қыпшақтың шығысынан Моғолстанға қашып келіп, Моғолстандағы рулас, тайпалас халықтардың арасында мемлекеттілікті нығайтқан болатын. Ал, қазақ атауының, қазақ мемлекеттілігі, хандығының өзі үлкен тәуелсіздік үшін күреспен өтті.
-Бергі жағдайдағы орыс отарлауын тереңдетіп айтып жатпай-ақ қояйық. Ол туралы кез келген қазақ зиялысы жақсы біледі. Осы оқиғалардың жалғасы – Қазақстанның 1991 жылы тәуелсіздік алуы. Тәуелсіздік алуымыз қалайша кездейсоқ болмақ?
-Арғы тарихымыздың барлығы да қазақ деген ұлтты қалыптастыру үшін үлкен күрестермен өтті. Қазақ алдымен үш сан алашты, сосын алты сан алашты қалыптастыру үшін күресті. Алты сан алашқа алты ру тайпа кіреді. Бұл түркі халықтары емес, ол – өзіміздің тайпалар. Үлкен-үлкен қауымдастықтың алғашқы үшеуі, яғни, жалайыр, қоңырат, алшын – үш сан алаш, одан кейін тағы да арғын, найман, қыпшақ қосылып, алты сан алаш қауымдастығы құрылды. Ол кезде қазақ деген атау шыққан жоқ. XIV ғасырға дейін ел, ұлт болып қалыптасу үшін үш сан алаш алты сан алаш қауымдастығын қалыптастыру үшін үлкен күрестер жүргізуге тура келді. Бұл – үлкен қанды жорықтардың, шетелдіктердің, көршілеріміздің басып алу іс-әрекеттерінің барысында қалыптасқан қауымдастық. Қазіргі кезде «алашпыз» деп айтып жүрміз. Алаш – қазақ сөзінің синонимі. Ал, енді XV-ғасырда Жәнібек пен Керей құрған мемлекет, ол да тәуелсіздік үшін күрестің барысында өзімізді туысқан түркі халықтарынан ажыратып, өзіміздің жеке ел болуымызды көздеді. Әмір-Темірге қарсы жорықтар қаншама? Осындай қиян-кескі замандардың барысында біздің еліміз «қазақ» атанып, содан кейін «Қазақ» деген мемлекетті құрдық. Ал, солтүстіктен, сосын оңтүстіктен Қытай, Ресей сияқты үлкен алпауыттар көз алартып қарайтыны белгілі. Жасыратын түгі жоқ, бұл – үлкен саясат. Осындай ауыр жағдайда біз, әсіресе, орыстардан көп қорлық көрдік. Бұл жерде мен орыстың самодержавиелік мемлекетін айтып отырмын. Қиын жағдайда біздің тәуелсіздік үшін күрескенімізді неге ұмытамыз? Ғасырлар бойы тәуелсіздікке деген қадамымыз қиян-кескі қантөгістермен, әртүрлі дипломатиялық әрекеттермен жүргізілді. Біздің қазақтың мықты-мықты үш төбе биі – Төле, Қазыбек пен Әйтеке билер, бұлардың бәрі де тәуелсіздік үшін күресті. Сөйтіп, ұлттық деңгейдегі билер қалыптасты. Тіпті, тайпалық билерді де шығарды. Қазір әр ауылда бір-бір батыр бар. Ол «дұрыс емес» деп жатыр. Әрбір рудың – рулық, тайпалық деңгейдегі батырларын ұлттық деңгейге, мәселен, Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай секілді үлкен тұлғалардың қатарына қосуға болмайды.