Мероприятия
Спорт - денсаулық кепілі
26 ақпанда ҚазҰУ қалашығының студенттерінің арасында кіші футболдан дүбірлі дода өтті. Аталмыш додада студент қатысушылар «ҚазҰУ қалашығының директоры кубогын» сарапқа салды. Бұл жарысқа 14 факультеттен 16 футбол командасы қатысып, өз шеберліктерін ортаға салып, бақтарын сынады. Ойын барысы олимпиадалық жүйе бойынша жүргізіліп, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Андарбаев Олжабек Самидуллаұлы төрешілік жасады.
Қыс, жаз, көктем, күз демей,
Спорттан әсте қол үзбе.
Ауырып ем іздемей,
Ауырмайтын жол ізде, – деп ақын ағаларымыз жырлағандай, спорттың барлық түрімен шұғылдануына толықтай, жоғары деңгейде жағдай жасалған ҚазҰУ студенттері тамаша ойын үлгісін көрсетті. Салауатты өмір салтын ұстанған студенттер үшін мұндай спорт ойындары олардың арасындағы байланысты, достықты жақсартады. Байрақты кіші футболды ұйымдастырып, барлық іс-шараларын атқарған Жоғарғы Студенттер Кеңесінің мақсаты да сол еді.
Дүбірлі дода өте қызықты және тартысты өтті. Кіші футбол алаңы да жанкүйерлерге лық толы болды. Олар да өз командаларына қолдау көрсетіп, барынша белсенділік танытты. Нәтижесінде, ҚазҰУ қалашығының директоры Ә.Ә.Сейітжанов мырза осы ойында қарсыластарына сан соқтырып 1-ші орынды жеңіп алған №4 жатақхана (география факультетінің) студенттеріне кубогты өз қолымен табыс етті. Қалған орындарды оңайлықпен есе жібермеген №9 жатақхана (Философия және саясаттану факультеті) ( 2-орын) және жарыс соңына дейін тамаша ойын өрнегін көрсеткен №14 ( Шығыстану факультеті) (3-орын) командалары өзара бөлісті.
Филология, әдебиетану және әлем
тілдері факультетінің
1-курс студенті Молдажанов Ербол
Көктемнің жайма шуақ күні...
Алматының төрінде орын тепкен Алатаудың мұнарлы баурайында орналасқан ұлы ҚазҰУ қалашығында халқымыздың ұлы мерекесі, жаңа жылымыз Наурыз мейрамы тойланып өтілді. Наурыздың 21 жұлдызы күні «Жастар алаңында» өткен осынау думанды тойды ұйымдастырған Жоғарғы Студенттер Кеңесі мен ҚазҰУ қалашығы директоры, қызметкерлеріне айтар алғысымыз шексіз. Өйткені, осынау қуаныш сыйлауда ол кісілердің еңбектері орасан.
Қазағымыздың бұрымдары шолпыдан сыңғырлаған ару қыздарымыздың ән салған дауыстары көктемде жаңа оянған торғайлар үні секілді алтыбақан аясынан естілді. «Жастар» ауылы тұрғындары мен әр жатақхана, оқу ғимараттарынан келген өрендердің өнері таңғалмасқа амал қалдырмады. Ән – би, көрініс – күй, шаттық – ойын, жастар алаңында қонақтар, Қыдыр атаны, жиналған қауымды қуанышқа бөлеген-ді.
Қазақтың ұлттық ойындары ойналып, жеңімпаздарға, қатысушыларға, осынау ұлы қуаныштың, мерекенің жоғары дәрежеде өтуіне зор үлесін қосқан ҚазҰУ қалашығының тұрғындарына алғыс айтылып, сыйлықтармен марапатталды. Жиналған қауым бір-бірімен осынау мерекеде қауышып, Наурыз – көжеден татып тарқасты.
Мәдениет пен білімнің қарашаңырағы ҚазҰУ қалашығының төрінде төрінде әлі-ақ талай думанды мейрамдар өтетініне сенемін!
Жоғарғы Студенттер Кеңесі төрағасы орынбасары
Сансызбай Балжан
Жоғарғы Студенттер Кеңесінің кезекті жиналысы
Бүгінгі күнге дейін еңбегі жеміс беріп жүрген, осы уақытқа дейін талай іс-шараның басы-қасында ұйымдастырушы болып, қоғамдық өмірге ат салысып жүрген ҚазҰУ қалашығындағы елеулі ұйымның бірі Жоғарғы Студенттер Кеңесінде сәуір айының 10 – жұлдызында қуантарлық жағдай болды. Бәріміз сол қуаныштың куәсі болдық. Кезекті жиналысымызда бір жылда жасалған, өтілген шаралар сараланып, талқыланып алдағы уақытта жоспарланған іс-шаралар айқындалды. Ауыз толтыра айтып жатқан қуанышымызбен бірге жиналыста Жоғары Студенттер Кеңесіне «жеке куәлік» табысталды. Бұл куәлік Жоғарғы Студенттік Кеңесінің төрағасы мен орынбасарларына және Студенттер Кеңесінің төрағаларына берілді. Куәлікті ҚазҰУ қалашығының директоры Ә.Сейтжановтың өз қолымен студенттерге табыс етті. «Куәлікті» қолдарына алған студенттердің өздеріне жауапкершілікті сезіне отырып, алдағы уақыттағы қоғамдық жұмысқа деген ынта-жігері арта түсті. Бұл оқиға өз кезегінде аталған ұйымның абыройын арттыра түсуге өз үлесін қоса отырып, абыройлы іске бастайын негізгі факторға айналары сөзсіз оқиға болды. Мақсаты бір, іс‑әрекеті маңыздылыққа ие жастардың қуаты мен қарымы арта берсін!
Ербол Молдажанов
Филология, Әдебиеттану және Әлем тілдері факультетінің 1- курсы
«НҰР-ЖАСТАР» КЛУБЫ МЕН БОСТАНДЫҚ АУДАНЫ ҰЙЫМДАСТРЫҒАН ИГІ ІС
«Болашақ бүгіннен басталады» Республикалық акциясы аясында өтетін 1-мамыр Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесіне орайластырылған « БІРЛІК-БІЗДІҢ ЕҢ БАСТЫ БАЙЛЫҒЫМЫЗ» атты дөңгелек үстел болып өтті. Іс- шараны ұйымдастырушылар Бостандық ауданының әкімі аппараты мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ- да құрылған «НҰР-ЖАСТАР» клубы. Дөңгелек үстел Бостандық ауданының әкімі аппаратының кіші залында өтті.
Бостандық ауданының әкімінің орынбасары Ағыбаев Саят Болатұлының қатысуымен өткен дөңгелек үстел өзге ұлт өкілдерімен кездесу мақсатында өтті. Іс-шараға: орыс, ұйғыр, қашқар, өзбек, қытай, украин,татар, әзірбайжан, тәжік, корей, қарақалпақсынды ұлт өкілдері қатысып,өз ұлттарының салт-дәстүрін таныстырып, өнерлерін ортаға салды.
«НҰР-ЖАСТАР» клубының ұйымдастырумен өткен бұл шараның ерекшелігі, өзге ұлт өкілдерінің өз ана тілінде және қазақ тілінде өз ойларын жеткізе сөйлеуін жетілдіруінде. Дөңгелек үстел барысында өзге ұлт өкілдері қазақ тілінде пікір алысып, ой бөлісті. «Тенге тиыннан, тай құлыннан» демекші, тілге деген алғашқы батыл қадамдар осындай достық қарым-қатынаста, іс-шаралар барысында жүзеге асып отырса, қазақ тіліне деген сүйіспеншілік артса ол елдің қуанышы, ұлттың қуанышы!
«НҰР-ЖАСТАР» - дың нұрлы ісі
Өткен аптада, яғни мамыр айының 12 күні, №17 жатақхананың мәжіліс залында «НҰР-ЖАСТАР» (нағыз ұйымшыл рухани жастар) клубының ұйымдастыруымен филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінің 1- курс студенттері арасында «Жеңілмеген жыр» атты ақындар айтысы болып өтті. Айтыс негізінен жастардың арасында жүрген, көзге көп түсе бермейтін өнерлі өрендердіхалыққа таныту және жастар арасында айтысты насихаттау мақсатында ұйымдастырылды. Айтыс десе ішкен асын жерге қояр жастармен қатар қонақта филология факультетінің ұстазы Нұрлан Сағындықұлы және «Жастармен жұмыс жөніндегі» бөлім жетекшісі Ишанғалиева Сәуле, «Жеті муза» қоғамдық бірлестіктің төрайымы Ахметова Ләйлә болды.
Айтыс-сөз барымтасы. Аламанға түсіп оза шапқан жүйріктердей айтыскерлерде өз бабында еді. Оларғаәділ төрелігін берген қазылар «Жастар жырлайды»теле айтысының жүлдегері Мінәйхан Салтанат пен «Бәйшешек » клубының ақыны Даули әрі Би- әрі Бекжәне «Жастар жырлайды» теле айтысының финлаисті, республикалық айқындар айтысының жүлдегері, «Барқытбел» кітабының авторы Манас Қайыртайұлы болды. Алғашқы жұп болып 1-курс студенттері Оспанбек Ерсін мен Қару Нұрзат сөз таластырды. Кейін Шерхан Талапов пен Тілегенов Аслан сөздің майын тамызып халықты бір серпілтіп тастаса, Тұрсынбекұлы Ықылас пен Біләлова Дәмелі соңғы түйенің жүгі ауыр деп, айтыстың соңғы жұбы болып шығып, тамаша қыз бен жігіт айтысын жасады. Қазылардың шешімімен финалға екі жұп,Біләлова Дәмелі мен Талапов Шерхан, Тілегенов Аслан мен Тұрсынбекұлы Ықылас өтті. Екі сағат бойына созылған қызу тартыста өз мәресіне жетіп, мақтау қағазымен Оспанбек Ерсін, Қару Нұрзат, Талапов Шерхан марапатталса, 3-орынды Тұрсынбекұлы Ықылас, 2-орынды Тілегенов Аслан, 1-орынды өзінің сүбелі сөздерімен Біләлова Дәмелі қанжығаға еншіледі. Жастар арасынан арнайы жүлде ұсынғандар да болды, олар3 курс студенттері Амалова Ақжүніс пен Әлайдарқызы Гүлнәр, сөз алып өз жүлделерін Талапов Шерханға табыс етсе, Нұрлан Сағындықұлы Оспанбек Ерсінге шапан жапты.Айта кетер бір жайт, осы айтысқа қаржылай көмек көрсеткен студентіміз бар. Өзінің айтысқа деген жанашырлығын көрсеткен филология факультетінің 2-курс студенті Бостанова Әлия Нұрғалиқызы.
Жастар арасында ұлттық рухты, мүддені танытар осындай айтыс пен патриотты тақырыптағы іс-шараларды жиі өткізіп тұру керек. Елдің мұңын, қуанышын тілге тиек етер, халыққа паш етер ел қазынасы- айтысты жоғалтып алмайық ағайын!
Марғұлан Ақанұлы
Филолгия факультетінің 1-курс студенті,
«НҰР-ЖАСТАР» клубының төрағасы