Жалпы мәліметтер

Егемен Қазақстан бүгінде өзінің шынайы тарихын қалпына келтіріп, аймақтық көсбасшы ретінде әлемнің басқа елдерімен белсенді түрде қарым-қатынасын орнатып отырған Орталық Азиядағы ірі мемлекет. Қазіргі уақытта Қазақстанның басқа Шығыс елдерімен қарым-қатынасын, олардың тарихы мен экономикасын және мәдениетін, сонымен қатар қазақтардың өз тарихын да зерттеу үшін, шығыстанушы мамандарға деген қажеттілік бұрыннан да өте жоғары болып отыр.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің шығыстану факультеті шығыс тілдерін меңгерген жоғары білікті мамандарды дайындаудың республикалық ірі орталыққа айналды. Шығыс тілдерін үйрену (соның ішінде араб тілі) университет қабырғасында ХХ ғасырдың 70-жылдарынан бастау алады. 1989 жылы Азия және Африка елдері тарихы кафедрасы мен араб тілі кафедрасының негізінде ашылған шығыстану факультеті шығыс елдерінің тілі мен тарихын оқытудың 40 жылдан астам қалыптасқан дәстүріне сүйенеді.

Қазақстандық шығыстануды ғылымның әрі көне, әрі жас саласы деуге болады. Себебі ежелгі Қазақстан жерінде ықылым замандарда әл-Фараби, Мұхаммед Хайдар Дулати, Махмұд Қашқари сияқты Шығыстың ұлы ойшылдары өмір сүріп, өз туындыларын жазған. Кейін бұл дәстүрлерді Шоқан Уәлихановөз еңбектерінде жалғастырды.