Ғылыми жобалар мен зерттеулер

Ғылыми жұмысты ұйымдастырып жүргізудегі "Қазақ тілі: психолингвистикалық және социолингвистикалық зерттеулер" лабораториясының рөлін ерекше атап өту керек, меңгерушісі - филол.ғыл. докторы, профессор Сүлейменова Э.Д.


Лабораторияның негізгі мақсаты - студенттер, магистранттар PhD докторанттарды психолингвистикалық және социолингвистикалық зерттеу әдістеріне үйрету.

2001 жылдың наурыз айынан бастап лабораторияның штаттан тыс кеңесшісі профессор Г. Томсен аспиранттар мен магистранттарға ғылыми кеңес берді; ол 2001-2002 оқу жылында орыс және ағылшын тілдерінде «Психолингвистика», «Балалар мен ересектердің екінші тілді меңгеруі» курстары бойынша дәріс оқыды, Г.Томсен сыйлаған DMASTER, CLAN, VARBRUL, STANVIEW, SUPERANOVA программаларымен жабдықталған компьютерлік класта оның жетекшілігімен магистранттар мен студенттерге практикалық сабақ жүргізілді; кафедраның аспиранттарына, ізденушілер мен стажерларға ғылыми кеңес берілді (олар халықаралық журналдарда бірлескен мақалалар жариялады, Чикаго университетінің конференциясында баяндама жасады, қазақ тілінің септік парадигмасын меңгеру бойынша психолингвистикалық зерттеулер нәтижесі Б. Уатаеваның кандидаттық диссертациясында көрініс тапты); студенттер мен магистранттардың белсене қатысуымен қазақ тілінің ментальдық лексиконын зерттеу бойынша психолингвистикалық зерттеулер жүргізілді; психолингвистикалық сауалнама және қазақ тілінің терминологиялық тіл жиілігін статистикалық өңдеу бойынша деректер банкі құрылды.