Оқиғалар күнтізбесі

Студенттеріміз Қазақстан мен өздері оқып жатқан Шығыс елінің мемлекеттік мерекелері мен атаулы күндеріне орай мәдени іс-шараларды міндетті түрде ұйымдастырып отырады. Айрықша шығыс тілдерінде ән айтып, би билеуде алдына жан салмайды. Факультетте Шығыс елдерінің елшіліктері, халықаралық ұйымдар, әртүрлі білім қорлары өкілдерімен кездесулер өтіп тұратындықтан мәдени шараларымыз да көп. Сондықтан студенттер кез-келген уақытта шығыс тілдерінде өнер көрсетуге сай болуы қажет. Тіпті, арамызда Шығыс елдеріне барып, ән сайысына қатысқандар да бар.

Қытайтану кафедрасының ұйымдастыруымен Қытай Халық Респубикасының мерекесіне байланысты мерекелік кеш өткізілді. Бұл кеште факультетке келген Университетіміздің жанынан құрылған Конфуций институтының Ху және Жан  ұстаздары және «Көрші» журналының редакторы қадірлі қонақтарымыз болды. Бұл күні қытай тілін оқитын барлық курс студенттері келген қонақтар мен кештің көрермендері болған барлық кафедра меңгерушілерін өз өнерлерімен тәнті етті. Кештің тағы бір ерекшелігі ‑ студенттер тек ән айту, би билеумен ғана шектеліп қоймай, қытай халқының ұлттық тағамын жасауда да өз шеберліктерін ортаға салды.

Факультетімізде жыл сайын мезгілдеп елші сағатын  өткізу әдетке айналған. Бұл өз кезегінде студенттердің шығыс тілдерін оқуға деген құлшыныстарын, елшілік қызметіне деген қызығушылықтарын  одан ары арттыруда көп септігін тигізеді. Соның бір мысалы ретінде  осы жылы қытай кафедрасының ұйымдастыруымен өткен Шығыстану факультетінің, қытайтану кафедрасының түлегі, ал бүгінгі таңда Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының ҚР‑дағы төрағасы болып қызмет атқаратын Шахрат Нұрышевпен кездесу болып табылады. Бұл күні Шахрат мырза өзінің қызмет жолына біраз тоқталып, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының Орталық Азиядағы аймақтық мәселелерге қатысты жүргізіп жатқан бірқатар іс‑шараларды  талқылады, және осы ұйымның арнайы білім  гранттары жайлы мәлімет берді. Сонымен қатар, студенттердің осы ұйымға қатысты барлық қызықтырған сауалдарына жауап берді. Студенттер  болашақта сол ағаларымыз секілді еліміздің халықаралық қатынасының дамуында  зор еңбек сіңіру үшін нағыз маман иесі болудағы негізгі қадамдарын анықтағандай болды.

Факультет студенттері жыл сайынғы сәуір конференциясына да белсенді қатысумен ерекшеленеді. Мәдениет, тарих және тіл білімі саласында олар өздерінің үздік баяндамаларын ерекше қорғап шығу арқылы университет деңгейіне көтеріліп, ректордың арнайы жүлдесі мен дипломына және ҚР Білім және Ғылым министрлігінің алғыс хатына ие болуда.