Экономика және бизнес жоғары мектебінің тынысы


Экономика және бизнес жоғары мектебі спорт, мәдениет және өнер саласында елеулі табыстарға жетті. Экономика және бизнес факультеті Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің дербес бөлімшесі ретінде қызмет атқара бастаған кезден бастап студенттер, магистранттар және докторанттармен тәрбие жұмыстарын жүйелі жүргізіп келеді. Тәрбие жұмыстарының жоспарына сәйкес және студенттер мен жекелеген кафедралардың ұсыныстары бойынша көптеген шаралар ұйымдастырылып өткізілуде. Жыл сайын факультетте тәрбие жұмысының жоспары жасалып, Тілдер мен тәрбие ісі жөніндегі проректордың бекітуіне ұсынылады. Студенттер, магистранттар және докторанттармен жүргізілетін тәрбие жұмыстарын атқару факультеттің кафедраларына жүктелген. Тәрбие жұмысы кафедра мүшелері мен академиялық топ кураторларының студенттермен тығыз байланыста болуын міндеттейді. Бұл ретте кафедраның міндеті оқу үдерісінің барысына талдау жасау, студенттер арасында жағымды психологиялық ахуал қалыптастыруға, шығармашылық белсенділікті арттыруға, салауатты өмір салтының, тіл мен мәдениеттің насихатталуына атсалысып, қолдау көрсету. Бекітілген жұмыс жоспарына сәйкес факультет келесі үлгідегі тәрбие жұмыстарын өткізуді қолданады:

- студенттердің басшылықпен, кафедра оқытушыларымен кездесуін ұйымдастыру;

- оқу үдерісі мен студенттер үлгерімінің барысына жедел бақылау жүргізіп отыру;

- студенттердің қоғамдық өмірін ұйымдастыру, жиналыстар өткізіп, студенттермен жеке әңгіме жүргізу;

- студенттер мен магистранттарды университет, факультет көлемінде өткізілетін сауықтыру шараларына тарту;

- студенттердің тұрмысын, бос уақытын ұйымдастыруына қажетті көмек көрсету.