Қылмыстық процесті жаңғырту реформасы талқыланды

19.09.2017

Көрулер: 2314

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де «Қылмыстық іс өндірісінің тиімді жүргізілуі – қазіргі құқық қорғау жүйесі дамуының басым бағыты» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы өтті.

Президент әкімшілігі, Конституциялық Кеңес, Жоғарғы Сот, Бас прокуратура, ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Бағдарламалар кеңсесінің басшысы және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ұйымдастырған іс-шара жұмысында қылмыстық процесті қайта жаңғырту реформасы шеңберінде тәжірибелік ұсынымдарды әзірлеу мәселесі талқыланды. «Дөңгелек үстел» жұмысына ҚР Президенті әкімшілігі басшысының орынбасары Талғат Донақов, Конституциялық Кеңес төрағасы Игорь Рогов, Бас Прокурор Жақып Асанов, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Қайрат Қожамжаровпен қатар, ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Бағдарламалар орталығының басшысы Дьердь Сабо, Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Асқар Шәкіров және өзге де мемлекеттік органдар мен құрылымдар өкілдері, заңгер ғалымдар, халықаралық сарапшылар, адвокаттар, қоғамдық және құқық қорғау ұйымдарының қызметкерлері қатысты.   Жоғарғы Сот төрағасы Қайрат Мәми жиын қатысушыларына арнаған сөзінде қазақстандық сот ісін жүргізу саласы тәуелсіздік жылдары қылмыстық процестің кеңестік моделінен біртіндеп бас тартқанын, жаңа қылмыстық-процестік заңның және Ұлт Жоспарында көзделген шаралардың іске асуымен азаматтардың тиімді қорғалуын қамтамасыз ету және қылмыстық процесс жазаларын азайту бойынша нақты жұмыстар атқарылғанын атап өтті. «Дей тұрғанмен, қылмыстық-процестік кодексті реформалау процесі жалғасуда. Бұл жұмыс Мемлекет басшысының айрықша бақылауында. Бүгінде қылмыстық процесті жаңғыртудың негізгі басымдықтары айқындалды және тиісті заң жобасын әзірлеу жұмысы жүргізілуде», – деді Қайрат Әбдіразақұлы.

Басқосу барысында озық еуропалық үлгіге, шетелдік озық тәжірибеге сүйене отырып, отандық қылмыстық әділет жүйесін одан әрі дамытудың бағытын айқындалатынын, алдағы уақытта сотқа дейінгі тергеу және анықтау органдарын институционалдық қайта құруда кешенді өзгерістер орын алатынын жеткізген құзырлы орган өкілдері сот бақылауы институтын жетілдіру бойынша жария емес тергеу әрекеттерін санкциялауға қатысты сот құзыретін заңнама түрінде бекітілетінін хабарлады. Әсіресе сот санкциясынсыз қамауда ұстау мерзімін 48 сағатқа дейін қысқарту адам құқықтарын сақтау тұрғысындағы айтулы жаңалық екені рас. Сонымен қатар, Эстония, Германия және өзге де бірқатар елдердің табысты тәжірибесі негізінде қылмыстық әрекеттер бойынша бұйрықтық іс жүргізудің қысқартылған түрі қолға алынып жатқаны, реформа шеңберінде қылмыстық процестің жарыспалылығын арттыруға айрықша назар аударылатыны сөз болған кездесу барысында Қайрат Мәми әзірленетін заң жобасының сапасы мен реформаның сәтті жүргізілуі көбінесе осы жұмысқа ғылыми ортаның, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің, сондай-ақ шетелдік сарапшылардың қатысуына байланысты екендігіне тоқталды. Жоғарғы Сот төрағасы форумда сөз сөйлеген Шлезвиг-Гольштейн учаскелік сотының төрағасы, Халықаралық құқықтық ынтымақтастықтың герман қорының сарапшысы Р.Мюллер, Халықаралық құқықтық ынтымақтастықтың германиялық қорының сарапшысы Б.Новроузиан, республикалық авдокаттар алқасының төрағасы Ә.Түгел, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ халықаралық қатынастар факультетінің деканы С.Айдарбаев, Абай атындағы ҚазҰПУ Сорбонна-Қазақстан институтының халықаралық құқық кафедрасының меңгерушісі А.Сәбитова сынды мамандар пікірі мен ұсыныстары заң жобасын әзірлеу барысында ескерілетінін айтты. Кездесу соңында Жоғарғы Сот төрағасы Қайрат Мәми өзі білім алған университеттің заң факультетінің студенттерімен кездесіп, заманауи технологияның соңғы үлгілерімен жабдықталған әл-Фараби кітапханасы ғимаратының тыныс-тіршілігімен танысып шықты.