Айтыскер ақындармен өткен кездесу

12.02.2016

Көрулер: 2250

ҚазҰУ-да «Атамекен» патриоттар ұйымының бастамасымен айтыскер ақын Балғынбек Имашевпен және жас та болса айтары бар жас ақын Сырым Әуезханмен кездесу өтті.

Жиын барысында студенттер өздерін толғандырып жүрген сауалдарға жауап алып, ақындардың қызықты естеліктерін тыңдады. ҚазҰУ студенттері де өз кезегінде өнерден құралақан еместіктерін көрсетіп, жырдан шашу шашып, кешті әсем күймен әрледі.

Іс-шараға белсенді атсалысқан жастардың қазақтың төл өнеріне деген асқан қызығушылығы мен ұлттық өнердің бүгінгі беталысына деген алаңдаушылығын анық байқауға болады. Студенттерден келіп түскен сұрақтар легінің дені айтыс өнеріне қатысты болды. Дегенмен, қазақтың жоғын жоқтап, қоғамының жай-күйін жырлап жүрген ақындарға джихад жайлы, діндегі түрлі теріс ағымдар хақында сұрақтар да қойылды.

Айта кететіні, мұндай іс-шараларды ұйымдастыру «Атамекен» патриоттар ұйымына таңсық емес. Бұған дейін ұйым ел ағасы Мұхтар Шахановпен, Бекболат Тілеуханмен кездесулер ұйымдастырған болатын.