Бәрі де сенің игілігің үшін – студент!

27.11.2015

Көрулер: 2029

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың әлемдік білім нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруда қыруар жұмыстар атқарылды. Білімнің қара шаңырағы тек білім сапасына ғана емес, сонымен қатар студенттердің жайлы өмір сүруіне де көп көңіл бөледі.

Жақында «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығы тағы бір қызмет түрімен толықты. Орталықта ҚазҰУ ректоры, академик Ғалым Мұтанов пен АТФ банктың басқарма мүшесі Дәурен Керейбаев АТФ банк жаңа бөлімшесінің тұсауын кесті.

«Білім ордаларымен жұмыс жасаған өте қолайлы. Партиялар ауысуы мүмкін, ұйымдардың да мәңгі жұмыс жасайтынына кепіл жоқ. Ал білім ордасы қай заманда болмасын керек. Сондықтан тұрақты әрі сенімді әріптестікке бірінші болып қадам жасағандарыңызға алғыс білдіреміз. Жақын уақытта студенттер мен университеттің оқытушылары қолайлы қызметтің өз бағасын бере жатар. Жасалып жатқан жұмыстардың бәрі сол кісілердің игілігі үшін», - деді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры, академик Ғалым Мұтанов.

ҚазҰУ-дың «Керемет» орталығының қызметіне жоғары баға берген банк қызметкерлері, осындай жоғары оқу орнында «қайтадан студент» болғысы келетіндіктерін айтты. Іс-шара соңында ҚазҰУ басшылығы банк ұжымына естелік сыйлықтар табыстап, жұмыстарына сәттілік тіледі.

Алдағы уақытта ҚазҰУ территориясында 500 орынға арналған клиника ашылады деп жоспарлануда. «Бұл тек студенттерге қолайлы орта тудыру үшін ғана емес, сонымен қатар елдегі медициналық туризмнің дамуына да өз үлесін қосады», - деді ҚазҰУ ректоры. Жақсы бастама жалғасын табады деп сенеміз. Ал АТФ банк ұжымына қадамдарыңызға гүл бітсін дейміз.