ҚазҰУ-дағы ұстаз күні

02.10.2015

Көрулер: 5025

Ұстаздар күні мерекесі қарсаңында мектеп директорлары ҚазҰУ басшылығымен, оқытушыларымен кездесті.

Жыл сайын 5 қазан күні әлемнің жүзге жуық елінде Халықаралық Ұстаздар күні аталып өтіледі. БҰҰ ата-аналарға және барша азаматтарға дәл осы күні бір сәтке болса да жадыңызда мәңгі сақталған, өміріңізді өзгерткен жақсы ұстазды есіңізге алуға кеңес береді. Аталған дәстүрді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ сияқты белді Университет те құрметпен атап өтті. Айтулы мереке қарсаңында ҚазҰУ ректоры, академик Ғ.Мұтанов Алматы қаласының ардагер ұстаздарымен,үздік мұғалімдерімен және мектеп басшыларымен кездесті.

ҚазҰУ ректоры үлкен ұжымның атынан шәкірт тәрбиелеуге бар ғұмырын арнаған ұстаздарды кәсіби мерекесімен құттықтап, ұстаз болу үшін асқан шыдамдылық пен қажырлы еңбектің қажет екенін атап өтті.

«Кадр дайындауда мектептер, колледждер мен ЖОО бірыңғай жұмыс жасауы керек. ҚазҰУ-да үздіксіз білім берудің көп деңгейлі концепциясы «бейіндік мектеп-колледж-университет» табысты еңбек етіп келеді. Біріншіден, бұл кешенді іс-шаралар негізінде талантты жастарды іріктеп алу: оқушылардың виртуалды академиядағы қызметін ұйымдастыру, «әл-Фараби» ғылыми-танымал журналын шығару, РҒПО «Дарын» және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігімен бірге Республикалық «әл-Фараби» олимпиадасын өткізу. Екіншіден, құрамында бейіндік мектеп, колледж және foundation оқыту жүйесі бар университеттегі ЖОО дейінгі дайындық. Үшіншіден, ЖОО бағдарламалар шеңберінде құзыреттілікті қалыптастыру мен іс жүзінде бағдарланған білім беру».

ҚазҰУ ректоры атап өткендей университетте «АL-FARABI UNIVERSITY SMART CITY» инновациялық жобасы бастама алған. «Орта және жоғарғы білім беру мен smart-университет қарым-қатынасының жаңа әдістемесін енгізу арқылы біз Президенттің әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосылу тапсырмасын жүзеге асыратынымызды сеніммен айта аламыз», -деп ректор Ғ.Мұтанов тілге тиек етті.

ҚазҰУ өзінің қанша жылдық ғұмырында Қазақстанның ғылыми, саяси, мәдени, экономикалық элитасын құрайтын қаншама түлектерді қанаттандырып шығарды. Солардың ішінде оқу орындарының басшылары: ЖОО ректорлары, колледж, мектеп, гимназиялар мен лицей директорлары.

Солардың бірі Алматы қаласындағы дарынды балаларға арналған №12 мектеп директоры Р. Сакенова. Ол өзінің дәл осы қарашаңырақта студент болғанын,еліміздің білім және ғылым саласында аты аңызға айналған оқытушылардан дәріс алғанын мақтан тұтатынын ерекше атап өтті. «Мен, өзімді қанаттандырған алтын ұямның табалдырығын аттағанда ғарышқа ұшып бара жатқандай сезімде боламын. Бәлкім, бұл ұлы адамдар еңбектенген орта болғандықтан, мен бұл жерден айрықша аураны сезінемін. Жоғарғы оқу орындарының ішінде бірінші болып осындай естен кетпес ерекше мерекені алғашқылардың бірі болып білім беру саласындағы көшбасшы ҚазҰУ-дың ұйымдастырып отырғанына, директорлармен, ардагер ұстаздармен кездесу ұйымдастырып бізге үлкен құрмет көрсетіп жатқанына мен екі есе қуаныштымын. Білімнің іргетасы мектепте қаланады. Егер ол болмаса, адам үнемі қателікке ұрыншақ келеді. Сондықтан біз, оқушыларымыз өз заманына сай, лайықты азамат болып шығу үшін тек сапалы білім беруіміз қажет», - деді Рахима Сакенова.

Мерекелік іс-шара барысында ректор Ғ.Мұтанов үздік мұғалімдерге, мектеп директорлары мен ардагер ұстаздарға білім саласына қосқан үлесі үшін «әл-Фараби атындағы ҚазҰУ 80 жыл» мерейтойлық төсбелгілермен марапаттады.

ҚазҰУ-дың салтанатты кешке шақырылғандар қатарында: Қазақстанның Еңбек Ері, «Алтын Жұлдыз» орденінің иегері – Айгүл Миразова, мемлекеттік және қоғам қайраткері Ш.Беркімбаева және басқа да атақты тұлғалар. Ш.Беркімбаева атап өткеніндей, қазіргі таңда ҚазҰУ әлемдік рейтинг бойынша – 800 үздік университеттің ішінде 275-орында және мемлекет пен қоғам мұны мақтан тұтады. Бұл университет басшысы мен ұжымның еңбегі. «Біздің елімізде ұстаз ешқашан жұмыссыз қалмайды, балалар болса, мектеп болады. Мектеп болса, ұстаз да болады. Мұхтар Әуезов осы ҚазҰУ университетінде сабақ берген. Ол, ұстаз – ұлы есім деген. Сол себепті, ұстаз беделі мен атын биік алып жүруге тырысайық», - деді қоғам қайраткері Шәмшия Беркімбаева.

Кездесу ҚазҰУ бейіндік мектеп оқушылары мен көркем өнерпаздар үйірмесінің студенттері дайындаған көңілді концерттік бағдарламамен аяқталды.

ҚазҰУ баспасөз қызметі