ҚазҰУ өз Чемпиондарын қарсы алды

14.07.2015

Көрулер: 3684

Алматы әуежайында спорт сүйер қауым мен БАҚ өкілдері, ҚазҰУ басшылығы, жаттықтырушылар, оқытушылар мен студенттер ыстық ықылыспен және қуанышпен Кванджу қаласындағы (Оңт.Корея) жазғы Бүкіләлемдік Универсиада жеңімпаздары – Виктория Зябкина, Никита Филиппов пен Светлана Иванчукованы қарсы алды. Жанкүйерлер жеңімпаздарды айтулы жетістіктерімен құттықтап, пікір бөлісті, қолтаңба алды.

Жеңімпаздарды қарсы алу шарасы аясында өткен пресс-конференцияда ҚазҰУ ректоры Ғ.Мұтанов: «Қазақстан құрамасы қоржынында алты алтын медаль бар. Бұл біздің еліміздің жазғы Универсиадаға қатысу тарихында рекордтық көрсеткіш. Олардың бесеуі біздің университеттің студенттерінің еншісінде, сондай-ақ бұл – бірегей жетістік, алғаш рет Бүкіләлемдік Универсиада тарихында осындай көлемдегі медальдарды бір ЖОО студенттері жеңіп алып отыр. Барлығы Қазақстан құрамасы сапына университеттен тоғыз студент енген. Біз Бүкіләлемдік Универсиада ойындарында жеңіске жеткен өз споршыларымызбен мақтанамыз және оларға үлкен үміт артамыз. Олардан Рио-де-Жанейрода өтетін алдағы Олимпиада ойындарында жаңа жеңістер күтеміз», - деп атап өтті.

Жарыс триумфаторы ҚазҰУ студенті, жеңіл атлетші Виктория Зябкина болды. 100 және 200 метр қашықтыққа жүгіруде және аса маңызды жарыстардың бірі – 4-те 100 метрлік эстафетада жеңіске жеткен ол ел құрамасына үш алтын медаль алып келді.

Баспасөз мәслихатында сөз алған чемпион қыз Виктория Зябкина: «Менің қарсыласытарым осал болмады. Бірақ қандай мықты жүйріктер сенімен бәсекеге түссе де, сенің бойындағы жігер мен сенім мықты болу керек. Ең бастысы өз туған елін-Қазақстанның атын шығару намысы тұрғанда, тек жеңістің жолына ғана бағыт бұрасын. Менің осындай жетістіктерге жетуіме барынша қолдау көрсеткен бапкеріме алғысымды білдіргім келеді. Қазақстан атын шығаруда алдағы жарыстарда да аянып қалмаймын»,-деді.

Сондай-ақ, эстафета жеңімпаздарының құрамындағы ҚазҰУ студенті Светлана Иванчукова да баспасөз мәслихатына қатысып: «Бүкіләлемдік Универсидаға қатысу бір мәртебе, жарыс жеңімпаздарының қатарынан көріну тіпті бөлек әсерге бөлейді. Ал осындай жарыста спорттың әр түріннен қатысқан отандас спортшыларымызбен бір командада жүздесіп, бір-бірімізге жанкүйер болып, демеп, қолдап, қолпаштауымыздың өзі ерекше сезім сыйлады. Жаңа достар, жаңа әріптестер таптым. ҚазҰУ-лық команда ретінде шығып, республикалық деңгейге көріндік. Бұл жеңісімді Отаныма, сүйікті оқу орным ҚазҰУ-ыма арнаймын»,-деп лебізімен бөлісті.

ҚазҰУ студенті Дмитрий Баландин 100 метрге браспен жүзу әдісі бойынша жеңімпаз атанып, тек Азия емес, бүкіл әлемнің мықты жүзгіштерінің бірі екендігін дәлелдеді. «Мен Қазақстанға және өз университетіме жеңіс алып келгеніме қуаныштымын. Мен үшін халықаралық жарыстарда ел құрамасы сапында ҚазҰУ атынан өнер көрсету – үлкен мәртебе. Жаттықтырушыларға және маған қолдау көрсеткен, жанкүйер болған барлық жандарға алғысымды білдіремін. Әрқашан жоғары нәтиже көрсетуге тырысамын», – деп Дмитрий жарыстан алған әсерлерімен бөлісті.

Физика-техникалық факультетінің студенті Никита Филиппов сырықпен секіру жарысында 5 метр 50 см биіктікті бағындырып, Қазақстан үшін тағы бір алтын медальды жеңіп алды.

Осы орайда Қазақстан студенттік спортында ҚазҰУ-дың талассыз көшбасшы екендігін және халықаралық спорт аренасында ел беделін асқақтатқан саңлақ спортшылар тобын тәрбиелеп шығарғанын атап өтуге тиіспіз. Мысалы, ҚазҰУ студенттері 2014 жылы Инчхонда өткен XVII Азия ойындарында 4 алтын, екі күміс және үш қола медаль иеленді. ҚазҰУ-дың 11 студенті ел құрамасы қатарында 2012 жылы Лондон Олимпиадасына да қатысқан болатын, онда университет студенті Светлана Подобедова алтыннан алқа тақты.

Баспасөз қызметі