ҚазҰУ студенті В.Зябкина Бүкіләлемдік Универсиадада "Алтын медаль" ұтып алды

10.07.2015

Көрулер: 2621

ҚазҰУ магистранты, жеңілатлетші Виктория Зябкина Кванджудағы (Оңтүстік Корея) Бүкіләлемдік Универсиадада Қазақстан құрамасы қоржынын «алтынмен» толықтырды. Ол 100 метр қашықтықтағы спринтте жеңіске жетті. Бұл – ҚазҰУ студенттерінің қазақстандық құрама үшін еншілеген екінші «алтындары».

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін ҚазҰУ студенті Дмитрий Баландин 100 метрге брасспен жүзу бойынша «алтын» алған болатын. Енді Қазақстан құрамасының қоржынында екі алтын медаль бар.

Виктория Зябкина – биология және биотехнология факультетінің дене тәрбиесі және спорт кафедрасының магистранты. Ол – жеңіл атлетика бойынша халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Азия және әлем чемпионаттарының жүлдегері, 2012 жылғы Лондон (Ұлыбритания) олимпиадасына қатысушы. Бір ай бұрын ғана Виктория 200 метр қашықтыққа жүгіруден Азия чемпионы атанды, осы жеңісінің арқасында 2016 жылы Рио-де-Жанейрода (Бразилия) өтетін Олимпиадаға қатысу лицензиясын ұтып алды.

ҚазҰУ дене тәрбиесі және спорт кафедрасының меңгерушісі А.Арещенко шәкіртінің жеңісінен алған әсерімен бөлісті: «Виктория өте жақсы маусым өткізіп жатыр, оның Универсиададағы жеңісін жаз соңында өтетін әлем чемпионатының алдындағы жай ғана дене қыздыруы деуге болады. Ол – еліміздің 100 және 200 метр қашықтыққа жүгіруден болашағынан зор үміт күттіретін алдыңғы қатарлы спортшысы. Қазақстан құрамасының тарихында алғаш рет осындай қашықтықтарда жүгіретін мықты желаяқ пайда болды және де оның ҚазҰУ студенті болғанына қуаныштымын, біз оны мақтан тұтамыз».

Бұл ретте ҚазҰУ-дың Қазақстанды халықаралық спорт аренасында танытқан ерен жүйрік спортшыларды тәрбиелеп шығарғанын атап өту керек. Бұл дәстүр әлі де өз жалғасын табуда, жас буын спортшыларымыз әлемдік деңгейдегі сайыстарда жоғары шеберлік танытып, жетекші орынды иеленіп отыр. Мысал келтіріп айтатын болсақ, ҚазҰУ-дың 11 студенті Лондондағы олимпиада ойындарында ел құрамасы сапында өнер көрсетіп қайтты.

«Біздің университет жоғары дәрежедегі спортшыларды дайындап, тәрбиелеп келеді. Олар өз кезегінде әлем чемпионаттары мен олимпиада ойындарында үздік нәтиже көрсетіп, Қазақстан құрамасына жеңіс сыйлап жүргенін атап өтпеске болмайды. Мен Бүкіләлемдік Универсиадада айтулы өнер көрсеткен студенттеріміз Баландин және Зябкинаны шын жүректен құттықтаймын», – деді А. Арещенко.

Университетте отыздан астам спорт түрі дамыған. Секция жұмысының клубтық түрі студенттерге өздеріне ыңғайлы уақытта әрі нәтижелі түрде дене шынықтыруменжәне спортпен шұғылдануына мүмкіндік береді.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі