ҚазҰУ студенті Д.Баландин жазғы Бүкіләлемдік Универсиадада «алтынды» жеңіп алды

09.07.2015

Көрулер: 2885

ҚазҰУ студенті Дмитрий Баландин бұл күндері Кванджу қаласында (Оңт.Корея) өтіп жатқан жазғы Бүкіләлемдік Универсиададағы алғашқы қазақстандық «алтынды» жеңіп алды. Ол 100 метрге браспен жүзу әдісі бойынша жеңімпаз атанып, тек Азия емес, бүкіл әлемнің мықты жүзгіштерінің бірі екендігін дәлелдеді.

Д.Баландин – ҚазҰУ-дың биология және биотехнология факультеті, дене шынықтыру және спорт кафедрасының «Дене мәдениеті және спорт» мамандығының студенті. Спортшы университеттің аға оқытушылары – А.Хохлов пен К.Макашевтардың жетекшілігімен жаттығады. Дмитрий – халықаралық деңгейдегі спорт шебері, Азия чемпионатының күміс жүлдегері, сондай-ақ Инчхонда өткен (Оңт.Корея) XVII Азия ойындарының браспен жүзу әдісі бойынша үш дүркін алтын медаль иегері.

Айта кетерлігі, Дмитрий ҚазҰУ атынан Оңтүстік Кореяда өтіп жатқан Универсиадаға қатысушы жалғыз спортшы емес. Қазақстан құрамасына университеттің тағы жеті спортшысы енген. Олар дзюдо, жүзу, семсерлесу және жеңіл атлетика сынды спорт түрлерінде өнер көрсетуде. Судағы жарыстарда университет студенттері жақсы нәтижелерге қол жеткізуде, мысалы заң факультетінің 3-курс студенті Е.Руденко 100 метрге арқамен жүзу түрі бойынша финалға шықты.

ҚазҰУ-дың халықаралық спорт аренасында Қазақстан беделін асқақтатқан саңлақ спортшылар тобын тәрбиелеп шығарғанын атап өтуге тиіспіз. Бүгінгі таңда игі сабақтастық жалғасын тауып отыр, спортшылардың жас толқыны жоғары шеберлік көрсетіп, халықаралық деңгейдегі жарыстарда алғашқы орындардан көрініп жүр. Айта кетсек, ҚазҰУ-дың 11 студенті ел құрамасы қатарында Лондон олимпиадасына қатысқан болатын.

Университетте спорттың отыздан астам түрі дамыған. Секция жұмыстарын клубтық үлгіде жүргізу студенттердің дене шынықтыруы мен спортпен айналысуына аса қолайлы әрі нәтижелерін жақсарта түсуге септігін тигізуде. Ағымдағы жылы жүзу бассейінінің құрылысы басталды. Бұл жүзудің студент жастар арасында кеңінен таралуына жол ашып, жаттығулар мен жарыстарды университет базасында өткізуге мүмкіндік береді.

Баспасөз қызметі