Оңтүстіккореялық білікті медицина мамандары ҚазҰУ-да болды

01.07.2015

Көрулер: 2749

ҚазҰУ мен танымал «Кангнам Северанс» клиникасына ие Ёнсе университеті (Оңт.Корея) арасындағы әріптестік нәтижесінде университет студенттері мен оқытушылары, Алматы қаласы, Алматы облысы және Шығыс Қазақстан облысы тұрғындары оңтүстіккореялық білікті медицина мамандарына тегін қаралуға мүмкіндік алды.

«Жуырда ғана «Ауру мен қайғы-қасіретті бірге жеңеміз!» деген сөздерді ұран еткен «Кангнам Северанс» клиникасының 25 маманы ҚазҰУ диагностикалық орталығында емделушілерді тегін қарады. Жоғары дәрежеде атқарылған осындай қайырымды істері, емделушілерге деген ыждаһатты қарым-қатынастары үшін оларға айтар алғысымыз шексіз. Бірге жұмыс атқару және тәжірибе бөлісу университеттер арасындағы әріптестікті нығайтып, Қазақстан мен Оңтүстік Корея халқының достық қарым-қатынасын арттыра түсеріне кәміл сенемін», – дейді ҚазҰУ диагностикалық орталығының директоры Эрнест Қалиев.

Естеріңізге сала кетсек, Елбасы Н.Назарбаев өткен жылдың желтоқсан айында ҚазҰУ-да болған сапарында медициналық диагностикалық орталық жұмысына бастау берген болатын. Жоғары технологиялық медициналық құралдармен жабдықталған орталықта емделушілер скринингтік тексеріс пен диагностикадан өтіп, әлемдік стандарттарға сай емделе алады. Мұндағы барлық қызметкерлер «Кангнам Северанс» клиникасында тағылымдамадан өткен, ал «U-Health» телемедицина жүйесін қолдану емделуші туралы медициналық мәліметтерді онлайн режимде оңтүстіккореялық мамандарға жіберуге және сол арқылы емдеу әдісі бойынша жедел кеңес алуға мүмкіндік береді.

Бұл орталық университеттің биомедициналық кластерін құрудың алғашқы кезеңі болып табылады. Жақында мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде 500 орынға арналған жеке клиника мен ірі ғылыми-зерттеу лаборатрориясын салу жоспарланып отыр.

Баспасөз қызметі