Үш бәйтерекке тағзым

06.03.2015

Көрулер: 2060

Жуырда Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «Айналаңды нұрландыр» әлеуметтік жобасы аясында филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультеті аударма теориясы және әдіснамасы кафедрасындағы «КӨКЖИЕК» ғылыми-шығармашылық клубы «Үш бәйтерекке тағзым» атты әдеби-танымдық кеш өткізді.


Бұл жолы көкжиектіктер Алматы қаласындағы Энергетика және электронды технологиялар колледжіне жол тартты. Болашақ энергетиктерге рухани азық беруді мақсат еткен клуб мүшелері колледж студенттеріне С.Сейфуллин, Б.Майлин, І.Жансүгіров шығармашылығы бойынша баяндамалар оқып, әдеби қойылым көрсетті. Филологтар жүргізген поэзия минуттары студенттерге үлкен әсер сыйлады, олар викториналық сұрақтарға ерекше ынтамен жауап берді.

Үш бәйтеректі еске алуға арналған бұл кеш жас жеткіншектердің рухын оятып, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері жөнінде көп мәлімет берді. Клуб жетекшісі, әдебиетші-ғалым Ләйла Мұсалы болашақ энергетиктерге табыстар тілеп, ҚазҰУ-дағы «Жүз кітап» жобасы бойынша клубта өтетін оқырмандар конференциясына шақырды.

Энергетика және электронды технологиялар колледж директорының орынбасары Н.Тоғайбаева, «Ұлағат» жастар ісі жөніндегі комитетінің төрағасы, жас ұстаз Тұрарбек Шәріпов «Көкжиек» клубына алғыстарын білдірді.