«EXPO 2017: тарихы және мәселелері» тақырыбындағы дөңгелек үстел өткізілді

24.02.2015

Көрулер: 2678

Тарих, археология және этнология факультетінде дүниежүзі тарихы, тарихнама және деректану кафедрасының ұйымдастыруымен «Экспо2017: тарихы және мәселелері» атты дөңгелек үстел өтті.

Шараға докторанттар мен магистранттар, студенттер, факультеттің ұстаздары мен жас ғалымдары қатысты. Дөңгелек үстелдің негізгі мақсаты – ЭКСПО-2017 тақырыбын ілгерілету, адамзат өміріне қажетті барлық саладағы экспо көрмесіне қатысты жаңа зерттеулер мен тың жаңалықтармен таныстыру және тәрбиелік маңызын насихаттау.

Отырыстың шымылдырығын факультет деканы т.ғ.к. доцент Арман Жұмаділ ашып берді. Факультет басшысы ұйымдастырылып, жүргізіліп отырған мәселенің өзектілігіне тоқталды. Елімізде ЭКСПО-ны өткізу туралы қоғамдық пікірге тоқтала келе оны өткізу елдігіміз бен халқымыздың абыройын көтеретін халықаралық көлемдегі шара екендігіне назар аударды.

Жиында елімізде «жасыл экономиканы» дамытудың қағидаттары мен қоршаған ортаның проблемалары талқыланды. Дөңгелек үстелде баяндамаларды «Тарих» мамандығы 1-курс магистранттары дайындап, түрлі-түсті электронды бейнелер арқылы түсіндірді. ЭКСПО-ның біржарым ғасырдан аса тарихына шолу жасап, көрмелерді өткізудің маңызы турасындағы баяндамалар екі тілде: қазақ және ағылшын тілдерінде жасалынды. Экспо кезінде Қазақстанның түр-тұлпаты қалай өзгереді? Қандай ғимараттар бой көтереді? ЭКСПО көрмесін БАҚ қалай насихаттауда, көрменің мән-маңызы халық жүрегіне жетті ме? деген мәселелер ашылды. Дөңгелек үстел барысында факультеттің 2-курс студенті Қадырғалиева Гүлмаржан «Қазақ елі» әнін орындап, Аман Күнекей домбырада «Сарыарқа» күйін шертті. жөнінде тілші Сара Жолдыбай баяндады. Өзінің төл туындысымен Оралбек Ысқақ экспоға арнап «Менің Қазақстаным» атты өлеңін оқып, елді елең еткізді. Экспоны өткізуде қандай заңнамалық жұмыстар жүргізілуде, кейбір заң актілеріне қандай түзетулер енгізіліп жатыр деген сауалдар төңірегінде Қасымова Ақбота жауап берді.

Қорытынды сөзді дөңгелек үстелдің ұйымдастырушы жетекшісі т.ғ.д. профессор Мұхатова Оразгүл Хасенқызы сөйледі: Біздің өткен тарихымызда біз ұялатындай ешқандай оқиға жоқ. Сондықтан да тәуелсіз қазақ елінде Экспо көрмесін өткізудің маңызын барынша насихаттап, онымен мақтануымыз керек. Қазақ елінің рухын асқақтатып, кемел ұрпақты отансүйгіштікке, елжандылыққа тәрбиелеуіміз қажет, қазақ деп соққан жүрек қазақтың көсегесін көгертуі тиіс екенін атап өтті.

Жиын соңында факультеттің ұстаздары сөз алып, өткізіліп отырған әс-шараға оң бағасын берді.

Дүниежүзі тарихы, тарихнама

және деректану кафедрасы