ҚазҰУ Әлем университеттері консорциумына (WUC) мүше болды

16.01.2015

Көрулер: 3129

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Әлем университеттері консорциумының (WUC) толыққанды мүшесіне айналды. Еліміздің білім беру саласының мойындалған көшбасшысы өзінің жоғары беделі мен халықаралық талаптарға сай дәрежесін тағы бір дәлелдеді.


Әлем университеттері консорциумы ғаламның жетекші ЖОО-лары мен ғылым мен білім беру саласындағы халықаралық ұйымдарды біріктіреді. Оның міндеті адамзаттың маңызды мәселелерін шешуде университеттердің рөлін арттыру, қол жетімді және сапалы білімді жан-жақты қолдау, білім беру жүйелерін жетілдіру болып табылады. Әсіресе, студенттер әлеуетін арттыруға, олардың теориядан алған білімдерін іс жүзінде қолдануына ерекше көңіл бөлінеді. Айта кетерлігі, әр мемлекеттен тек бір ғана университет WUC мүшесі бола алады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – осындай жаһандық халықаралық білім беру қауымдастығына мүше болу мәртебесіне ие болған Орта Азиядағы алғашқы және жалғыз университет. Соңғы жылдары ЖОО жетекші рейтингтерінде қарқынмен алға жылжуда, халықаралық ынтымақтастықты кеңейте отырып, әлемдік деңгейдегі форумдар мен конференциялар өткізуде.

WUC мүшесі бола отырып ҚазҰУ енді әлемнің атақты ЖОО-ларының ғана емес, Бүкіләлемдік өнер және ғылым академиясы, Халықаралық Жасыл Крест, Халықаралық университет президенттерінің ассоциациясы, Мәдени дипломатия институты, Александрия кітапханасы және басқа да беделді ұйымдардың әріптесі болып табылады. Бұл әлемде Қазақстанның жоғары білім беру жүйесінің имиджі мен бәсекеге қабілеттілігін көтеруге сөзсіз ықпал етеді.

Баспасөз қызметі