ҚазҰУ-да бас редакторлар бас қосты

29.10.2014

Көрулер: 2939

ҚазҰУ-да «Қазақстан журналистикасының бүгіні мен болашағы» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылды. Конференция Инвестициялар және даму министрлігінің Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетінің және Бас редакторлар клубынның қолдауымен және журналистика факультетінің ұйымдастыруымен өтті.

Іс-шараның негізгі мақсаты: еліміздің беделді де белді бұқаралық ақпарат құралдары басшыларын, жетекші өкілдерін, белгілі ғалым-ұстаздардың басын қосып, журналистиканың заманауи талаптарға сай дамуы мен модернизациялану мәселелерін талқылау болатын.

Конференцияны оның модераторы болып белгіленген Жетінші арна Директорлар Кеңесінің төрайымы, БАҚ саласындағы ҚР Президенті сыйлығының лауреаты, Бас редакторлар клубының Президенті Бибігүл Жексенбай жүргізіп отырды.

Аталған шараға «Қазақ газеттері» ЖШС-нің бас директоры, редакторлар кеңесінің төрағасы Жұмабек Кенжалин, «Түркістан» газетінің бас редакторы Шәмшиддин Паттеев, «Жас қазақ» газетінің бас редакторы Смаил Cраил, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Жұмабай Шаштайұлы, «Алаш айнасы» газетінің бас редакторы Серік Жанболат, «Вечерняя Алматы» газетінің бас редакторы Николай Жоров, «Президент және Халық» республикалық қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы Марат Тоқашбаев, «Abai.kz» ақпараттық порталының жетекшісі, танымал журналист Дәурен Қуат, «Экономика» газетінің бас редакторы Ақас Тәжуітов, «Қазақ радиосы» Алматы студиясының бас редакторы Мұрат Мұқаш және т.б қатысып, Ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды.

Конференция ҚазҰУректоры Ғалым Мұтанұлының алғы сөзімен ашылды. Ғалым Мұтанұлы өз сөзінде: «Бүгінде жаһандық деңгейде орын алып отырған баспа және электронды БАҚ-тың бәсекелестігі ұлттық бұқаралық медиа саласын да шарпып отырғаны рас. Бұл – заңды құбылыс. Осынау электронды үрдістердің жылдам дамып отырған кезеңінде қазақстандық бұқаралық ақпарат саласының мәселелері, дамуы, болашағы академиялық ортада талқылануы, зерттелуі қажеттігін бас айтқым келеді. Сондықтан, интеллектуалды құндылықтарды қалыптастастыратын ғылыми журналистиканың, коммуникация туралы ғылымның мәртебесі артуы қажет. Бұл, сондай-ақ, жоғары мектепке жаңа медиатехнологияны еркін меңгерген болашақтың журналистерін дайындауды талап етеді», – деді. Сонымен қатар: «Осы орайда Бас редакторлар клубы мен ҚазҰУ арасындағы ынтымақтастықтың аясында бірлескен жобалар жүзеге асады, үлкен болашағы болады деп күтілуде», – деп ойын сабақтады.

Жалпы конференцияда барлық қатысушылар, оқытушы-профессорлар бүгінгі журналистиканың дамуы мен болашағы, бұқаралық коммуникация арналарының мәселелерін кеңінен талқылап, шешуші жолдарын ұсынды. Бірлескен ауқымды жобалар аясында студенттердің шығармашылық жұмыстарын тікелей өндіріспен байланыстырудың оңтайлы жолдары ұсынылды.

Қорыта айтқанда, еліміздің бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары мен өкілдерінің қарашаңырақта бас қосып, келелі де салиқалы мәселелерді талқылауы болашаққа жасалған игі қадамдар деуімізге болады.

Журналистика факультеті