ҚР ҰҒА академигі Ә.Жәрменов пен ҚазҰУ-дың Түлектер қауымдастығы келісім шартқа қол қойды

31.10.2014

Көрулер: 2972

ҚазҰУ-да ҚР Минералды шикізатты кешенді қайта өңдеу жөніндегі ұлттық орталығының бас директоры, ҚР ҰҒА академигі, ғылым, техника мен білім беру саласындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, академик Е.А.Букетов және академик Ө.А. Жолдасбеков атындағы «Тарлан» сыйлықтарының лауреаты, ҚР еңбек сіңірген өнертапқышы Әбдірәсіл Жәрменовпен кездесу өтті.


Кездесу аясында Қазақстан Президенті Н.Ә. Назарбаевтың тікелей көмегімен және мемлекеттік-жеке әріптестік принципі негізінде салынған ҚазҰУ қалашығының екінші кезектегі жаңа нысандарының таныстырылымы орын алды. Олардың ішінде республикадағы жалғыз «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығы, Орта Азиядағы бірегей Әл-Фараби кітапханасы мен мұражайы, 1976 жылы Әбдірәсіл Алдашұлы үздік бітірген, ғылым мен техниканың соңғы үлгілерімен жабдықталған химия және химиялық технология факультетінің жаңа ғимараты бар. Құрметті қонақ биология факультетінің түлегі, меценат Нұрлан Смағұловтың көмегімен техникалық тұрғыда жабдықталған ҚазҰУ интернет орталығымен де танысты.

Сондай-ақ академик Жәрменов актілік дәріс оқып, оқытушы-профессорлар құрамы мен студенттер тарапынан қойылған сан салалы сұрақтарға үлкен ынтамен жауап берді. Кездесудің ресми сәтінде академик Әбдірәсіл Алдашұлы ҚазҰУ дамуының мақсатты капиталының эндаумент-қорына өзіндік үлесін қосу мақсатында университеттің Түлектер қауымдастығымен Қайырымдылық келісіміне қол қойды.

1999 жылы ұлттық орталықты басқара отырып, ғылымды басқару саласына түбегейлі өзгерістер қажеттігін, ғылымды нарық жағдайына бейімдеу керектігін, оның мемлекет пен қоғамдағы рөлін жаңаша тереңінен түсінген Жәрменов заманауи жобалар дайындау және олардың негізінде қазақстандық, кейде тіпті әлемдік нарықтағы жаңа өнімді шығару бойынша шағын және орта өндірісті құру арқылы орталықты дамудың инновациялық жолына салды. Дәлірек айтқанда, осмий мен йодтың тұрақты изотопы мен олардың қосылуы, кешенді қоспалардың жаңа түрлері, көміртекті қалпына келтірушілер мен тағы басқа материалдар.

Болатты қышқылсыздандыру, үлгіге айналдыру және қосындыландыруға арналған «Қазақстандық» қоспа жасау орталықтың ғана емес, жалпы отандық ғылымның соңғы жылдардағы үлкен жетістігі болып табылады. Оны қорыту әдісі көмір өндірісі қалдықтарын қолдануға негізделген. Бірақ 15 жыл бойы қазақстандық өндіріс пен кәсіп тарапынан оған деген қызығушылық болмады. Алайда «Қазақстандық қоспа» патентін үш-ақ айдың ішінде немістің әлемге танымал "Тиссенкрупп" метал құю корпорациясы сатып алды. Енді авторлық бақылау негізінде орталық дивидент алуда. Бүгінде орталықтың технологиялық зерттемелері Бразилия, Германия, Ресей, Италия, Канада, Боливия, Қытай және басқа елдерде енгізілген. Жасалған технологиялардың әлемдік мойындалуы орталықтың халықаралық деңгейдегі лицензиялар мен патенттер сату қызметін қамтамасыз етеді.

Академик Жәрменов ҚазҰУ эндаумент-қорына «Қазақстандық қоспа» патенті бойынша роялти түрінде алатын қаржысының 1 пайызын бөліп отыр. Бұл қаржы қорғаушы құжаттың жарамды мерзімі аяқталғанша жарамды. Сондықтан да бұл қадам оған Түлектер қауымдастығымен бірге өз альма-матерінің даму қорының құрылтайшы ретінде артық құқық береді.

Бүгінде ҚазҰУ түлектері мен достары арқасында алғашқы университеттік эндаумент-қор құрылып отыр. Түлектер қауымдастығының мүшесі, белгілі заңгер-практик Әмірхан Естаев өз сөзінде оның «дамыған мемлекеттердің бірінші кезектегі стандарттық белгісі, ондағы мемлекеттік-жеке әріптестіктің дамуының үлгісі, ал ЖОО-лар үшін әлемдік деңгейдегі алдыңғы қатарлы университеттерге айналу жолы» болып табылатынын атап өтті.

Эндаумент-қор қаржысын қолдану мақсаты – ерекше мәртебеге ие университет рейтіндегі, білім беру, ғылым мен мәдениеттің халықаралық орталығы ретіндегі ҚазҰУ дамуына барынша ықпал ету, халықаралық білім беру кеңістігіндегі университет орны, беделі мен рейтингісін көтеру, ҚазҰУ базасында инновациялық, ғылыми-білім беру қызметінің жаңа бағыттарын ашу, қоғамда университеттік білім беру құндылығын насихаттау және ғалымдар, оқытушылар мен білім алушыларға (студенттер, магистранттар мен докторанттар) қолдау білдіру. Сондықтан Қайырымдылық келісіміне қол қоюдың ҚазҰУ үшін ғана емес, еліміздің жалпы жоғары білім беру жүйесі үшін де тарихи маңызы бар. Себебі бұл бір реттік қаржы құю емес, әлемдік тәжірибеге сай қорды қаржылық қамтамасыз етудің ұзақмерзімді стратегиясы болып табылады.

ҚазҰУ ректоры, академик Ғалым Мұтанов Әбдірәсіл Жәрменовті әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 80 жылдық медалімен марапаттап, оған меценат сертификатын, университеттің белгілі түлектеріне арналған «Біздің элита» кітабының ІІ томы мен «Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары» кітабын табыстады.

Кездесуде Жәрменовтің ғылыми жетекшісі, доцент Ирен Мулдагалиева және оның курстастары сөз сөйледі. Олар Әбдірәсіл Алдашұлының қарапайымдылық, сыпайылық, зияткерлік, еңбекқорлық, білімге құмарлық, студенттік жылдардан басталған ғылымға берілгендік, жомарттық қасиеттеріне ерекше тоқталды.

ҚазҰУ-дың Түлектер қауымдастығы