ҚазҰУ-да химия факультетінің белгілі түлегі Әбдірәсіл Жәрменовпен кездесу өтеді

29.10.2014

Көрулер: 2591

30 қазанда сағат 15.00-де (ректорат 15-қабат) әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Түлектер қауымдастығымен бірге ҚР Минералды шикізатты кешенді қайта өңдеу жөніндегі ұлттық орталығының бас директоры, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ҚР ҰҒА академигі, химия факультетінің белгілі түлегі Әбдірәсіл Жәрменовпен кездесу өткізеді.


Бағдарламада Қазақстан Президенті Н.Ә. Назарбаевтың тікелей көмегімен және мемлекеттік-жеке әріптестік принципі негізінде салынған ҚазҰУ қалашығының екінші кезектегі жаңа нысандарының таныстырылымы жоспарлануда. Олардың ішінде – республикадағы жалғыз «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығы, Орта Азиядағы бірегей Әл-Фараби кітапханасы мен музейі, ғылым мен техниканың соңғы үлгілерімен жабдықталған химия және химиялық технология факультетінің жаңа ғимараты бар. Әбдірәсіл Алдашұлы осы факультетті 1976 жылы үздік бітірген.

Академик Жәрменовтің оқытушы-профессорлар құрамы мен студенттерге арналған актілік дәрісі де кездесу аясында орын алады. Мақсаты – түлектің кәсіби жетістіктерін және оның ел ғылымы мен инновациялық экономикасына қосқан зияткерлік үлесін көрсету. Сондай-ақ ол эндаумент-қоры – ҚазҰУ дамуының мақсатты капиталының қорына өзіндік қолдауын білдіруде.

Эндаумент-қор құру тәжірибесі Гарвард, Йель, Оксфорд, Стэнфорд сынды әлемнің үздік университеттерінде кеңінен таралған, бірақ Қазақстанда әлі қолға алынбай отыр. ҚазҰУ елімізде тұңғыш рет университеттік эндаумент-қорын құрды. Сол арқылы университет инновациялық қызметті қосымша қаржыландыруға және әлемнің үздік университеттері рейтингісінде алға жылжуға мүмкіндік алады.

ҚазҰУ-ды отандық білім берудің бренді ретінде айқындайтын көрсеткіштің бірі – оның түлектеріне деген жоғары сұраныс. Сондықтан ҚазҰУ-дың Түлектер қауымдастығы түлектердің зияткерлік, шығармашылық және іскери әлеуетін университеттің әлеуметтік-экономикалық және ғылыми мәселелерін шешуге жұмылдырады, заманауи ұжымдық мәдениетті қалыптастыра отырып, оларды белсенді әріптестікке шақырады.

ҚазҰУ ректоры, академик Ғалым Мұтанұлы Әбдірәсіл Жәрменовті әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 80 жылдық мерейтойлық медалімен марапаттап, атақты түлектер жайлы «Біздің элита» кітабының ІІ томын табыстайды.

ҚазҰУ-дың Тулектер қауымдастығы