әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің бірінші курс студенттері үшін дәстүрлі «Студенттер қатарына қабылдау» салтанаты өтеді

02.10.2014

Көрулер: 2141

2014 жыл 3 қазанда сағат 17.00-де Ө.А. Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайы алаңында еліміздің үздік оқу орны, қос дипломды бағдарламасы бар, Қазақстанның жетекші классикалық университеті мәртебесіне ие, Республикамыздағы ғылыммен, біліммен айналысатын ірі орталығы, білім мен ғылымның инновациялық дамуының ұлттық көшбасшысы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің бірінші курс студенттері үшін ерекше мәні бар дәстүрлі «Студенттер қатарына қабылдау» салтанаты өтеді. Бұл бірінші курс студенттерін бүкіл қазақстандық студенттер қатарына қосатын ең бірінші және маңызды мереке.


Биыл университетімізге Сәбина Алтынбекова, Владимир Толикин, Өмірсерік Бикенов, Виктория Лян сияқты халықаралық деңгейдегі спорт шеберлері, әнші Әлішер Қайратұлы, айтыскер ақын Саягүл Бірлесбек, республикалық деңгейдегі көркемсөз оқу шебері Талғат Сатыбалдиев сияқты студенттер, сонымен қатар биыл 2638 грант иегері, 371 «Алтын белгі» иегері, 156 халықаралық және республикалық олимпиадалардың жүлдегерлері барлығы 3466 студент оқуға түсті. Сондай-ақ, биыл білімді, талантты студенттерімізді керемет, жанға жайлы жаңа жатақхана күтіп алды.

Салтанатты іс-шараға университет басшылары, түлектер, оқытушылар, студенттер және 5000-ға жуық бірінші курс студенттері қатысады. Олардың ішінде мемлекеттік грант, «Алтын белгі» иегерлері, халықаралық олимпиада және байқаулардың жүлдегерлері бар.

Мереке барысында ҚазҰУ ректоры Ғ.Мұтанов 1-курс студенттеріне символдық «Білім кілті» және «Сынақ кітапшасын» тапсырады. Осы сәттен бастап бірінші курс студенттерінің университет тарихына кіру кезеңі болып саналады.

Іс-шара ҚазҰУ-дың көркемөнерпаздар ұжымының және бірінші курс студенттерінің қатысуымен мерекелік концертке ұласады.