«Көкжиек» ғылыми-шығармашылық клубы «Ана тілдің мерейі» атты мерекелік әдеби-сазды кеш өткізді

30.09.2014

Көрулер: 2358

2014 жылдың 24 қыркүйек күні Тілдер мерекесі аясында аударма ісі және әдіснамасы кафедрасындағы «Көкжиек» ғылыми-шығармашылық клубы «Ана тілдің мерейі» атты мерекелік әдеби-сазды кеш өткізді.


Кеш аясында «Студент күнделігінің алғашқы беттері» эссе байқауының қорытындысы шығарылды. «Ана тілдің мерейін асыру үшін мен не істей аламын?» сауалнамасының нәтижесін жариялап, «Бауыржан Момышұлы және ана тілі мәселелері» деген тақырыпта дөңгелек үстел өткізді.

Жеңімпаз студенттерді профессор Әнуар Тарақов арнайы алғыс хат, сыйлықтармен марапаттап, әдебиет әлеміне қадам басқан жас өрендерге ізгі ниетін білдірді. «Поэзия минуты» айдары бойынша 1 курс студенттері өздерінің балауса жыр жолдарын оқып, ана тіліне деген құрметін көрсетті. Кеш соңында құлақ құрышын қандырар әуезді ән шырқалып, Б. Мырзақұлов, Т. Башар, Н. Тұрғанбек, М. Ақан, С. Нысанбек сынды жас ақындар өз өлеңдерін оқып, қазақ тілінің құндылығы жайлы тұжырымды пікірлерімен ой бөлісті. Кешке қатысушылардың туған тіліне зор сүйіспеншілігінің арқасында кеш жоғары деңгейде өтті. Асыл қазынамыз – ана тіліміздің мерейі әрдайым үстем болып, жастардың туған тіліне деген құрметін арттыратын осындай игі бастамалардың әлі де жалғасын табары сөзсіз. «Көкжиек» клубының жетекшісі, доцент Ләйла Мұсалы «ана тілдің мерейін арттыра беріңіздер» деген тілекпен кешті қорытындылады.