ҚазҰУ-да студенттердің еңбек маусымы қорытындыланды

22.08.2014

Көрулер: 2879

ҚазҰУ-да студенттердің еңбек маусымы қорытындыланды. Демалыс уақытында жүзден астам жігіттер мен қыздар студенттік құрылыс жасағы (СҚЖ) құрамына қабылданып, жаз мезгілін өздері және туған университеті үшін пайдалы әрі қызықты өткізді.


Студенттердің еңбек семестрі 1 маусымда басталып, студенттік құрылыс жасағының жауынгерлері университетке оқу ғимараттары мен жатақханаларын жөндеу, кампус аумағын көріктендіру және тағы басқа жұмыстарды атқаруға көмектесті. Университет басшылығы жауынгерлердің еңбек етуі әрі демалуы үшін қолайлы жағдай жасады. Олар арнайы форма, үш мезгіл тамақ және жатақханамен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ студенттердің әрқайсысы айына 40 мың теңге жалақы алып отырды.

«Жаз бойы біз тек жұмыс істеп қана қоймай, бос уақытымызды қызықты өткіздік. Волейбол және футбол матчтарын ұйымдастырдық, жастар алауы маңында ән салдық, театрға бардық, кездесулер, дискотекалар және басқа да көңіл жадырататын мәдени іс-шаралар өткіздік. Сонымен қатар рамазан айында ауыз бекіткен жауынгерлер үшін студденттік қалашық әкімшілігі ауызашарлар берді», – деп атап өтті механика-математика факультеті жасағының командирі Ерсұлтан Серікбаев.

СҚЖ жұмысының нәтижесі бойынша еңбек маусымындағы үздік жұмысы үшін ең белсенді жасақтар мен студенттер университет басшылығы тарапынан дипломдар және құрмет грамоталарымен марапатталып, бағалы сыйлықтарға ие болды. «Үздік жасақ» номинациясы бойынша 1, 2 және 3-орынды механика-математика, физика-техникалық, философия және саясаттану факультеттері алды. Механика-математика факультеті жасағының командирі Ерсұлтан Серікбаев «Үздік командир» деп танылып, физика-техникалық факультетінің студенті Мадияр Нұрғалиев пен философия және саясаттану факультетінің студенті Сәкен Ыдырысов «Үздік жауынгерлер» атанды.

«Жазғы жұмыс уақытында жинаған тәжірибелеріміз бізге өмірде қажет деп ойлаймын. Біз мұнда кәсіби машықтандық, дербестілікке және тәртіптілікке үйрендік, жаңа достар таптық. Бұл біздің студенттік өміріміздегі ең бір ұмытылмас сәттердің бірі», – дейді философия және саясаттану факультетінің СҚЖ командирі Асқар Мырзағұлов.

Еңбек маусымының аяқталуына орай «Сұңқар» ҚазҰУ студенттерінің кәсіподағы арнайы ұйымдастырған «ССО-рarty» салтанатты шарасы жастарды үлкен қуанышқа бөледі.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі