ҚазҰУ әлемнің 50 технологиялық тұрғыда дамыған университеті рейтингісінде 31 орынды иеленді

19.08.2014

Көрулер: 3160

Белгілі «Great Value Colleges» халықаралық ұйымының зерттеу нәтижесі бойынша, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ 31 орынды иеленіп, әлемнің 50 технологиялық тұрғыда дамыған университеті құрамына енді. Рейтингте қазақстандық ЖОО ТМД ғана емес, Шығыс және Орталық Еуропа қатысушы-елдерінің жалғыз өкілі болғанын, сондай-ақ Сингапур және Жапониямен қатар барлық Азия континентін таныстырғанын атап өту керек.

«Great Value Colleges» әлем университеттерінің рейтингісін жасауда оқу және ғылыми-зерттеу қызметінің түрлі бағыттары бойынша көп қырлы тәсілдерді қолданады. Осылайша олар сапалы білім мен ғылыми мүмкіндіктерді жүзеге асыру үшін үздік ЖОО таңдау ісінде адамдарға көмектесуде.

Сонымен қатар ЖОО-ның технологиялар немесе инновациялар, мамандандырылған зертханалар немесе зерттеу орталықтары, студенттердің зерттеу мүмкіндіктерін жүзеге асыратын ғылыми-зерттеу бөлімшелері, ғылыми-техникалық құрам қызметінің басымдылығы үшін алған ұлттық, аймақтық және халықаралық марапаттары есепке алынады.

Университеттерге баға үшінші бейтарап жақтан беріледі және ол сенімді ақпарат көздерінен алынған жалпыға ортақ мәліметке негізделген.

ҚазҰУ-дың әлемнің ең жоғары технологиялық тұрғыда дамыған 50 университеті қатарына қосылуы ЖОО-ның әлемдік деңгейдегі зерттеу университетіне айналуда ұстанған бағытының дұрыстығын тағы да дәлелдеді.

Бүгінде ҚазҰУ – 8 ғылыми-зерттеу институты, 30-дан астам ғылыми-техникалық және гуманитарлық бағыттағы орталықтар мен зертханаларды біріктірген еліміздің аса ірі ғылыми және білім беру орталығы. Мемлекет тарапынан қаржыландырылатын ғылыми зерттеулердің ең көбі ҚазҰУ қабырғасында іске асады, ол қаржының 10%-ы жас ғалымдарды қолдауға бағытталған. Соңғы үш жылда университетте атқарылған ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-құрастырымдық талдама көлемі үш есеге жуық өсті. ҚазҰУ ғалымдарының зерттемелері өндіріске енгізілуде, ал ғылыми жұмыстар «Scopus» және «Thomson Reuters» мәліметтер базасына енетін жоғары рейтингті басылымдарда үнемі жарияланып келеді. ҚазҰУ – Халықаралық «Thomson Reuters» агенттігінің «Ғылым саласындағы айтулы жетістіктері үшін» арнайы дипломымен марапатталған Қазақстанның алғашқы және жалғыз оқу орны.

ҚазҰУ-да «Hewlett-Packard», «Cisco», «Intel», «Konica minolta», «Microsoft» сынды атақты әлемдік компаниялардың оқу-ғылыми орталықтар мен зертханалар ашуы университеттің ғылыми-технологиялық мүмкіндіктерін халықаралық деңгейде мойындаудың дәлелі болып табылады. АҚШ, Ұлыбритания, Қытай, Германия, Финляндия және басқа елдердің ғалымдарымен бірге ИНТАС, МАГАТЭ, ЕС, НАТО, Әлемдік банк, ЮНЕСКО қаржыландыратын 56 ірі халықаралық ғылыми жоба жасалуда.

ҚазҰУ әлемнің жетекші университеттерімен бірге қосдипломдық білім беру бағдарламасын қарқынды жүргізуде. Жыл сайын мыңнан астам шетелдік студенттер мен оқытушылар білім алу және ғылыми тағылымдамадан өту үшін ҚазҰУ-ды таңдайды. Осыған орай жаңа оқу жылында АҚШ-тың 24 студенті білім алу үшін осы оқу орнын таңдады.

Өткен жылы ЖОО дамуының сапалы көрсеткіштерін бағалау саласының майталманы – QS (Ұлыбритания) рейтингтік агенттігінің қорытындысы бойынша, ҚазҰУ әлемнің ең үздік 300 университеті қатарына еніп, 299-орынды иеленді. Сондай-ақ жоғары сатылы Еуроодақ сарапшыларының бағалауы бойынша ҚазҰУ ғылыми-технологиялық және инновациялық әлеуеті жағынан Қазақстан ЖОО-лары арасында талассыз көшбасшысы болып табылады.

Баспасөз қызметі