Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен БҒМ Ғылым комитетінің ҒЗИ арасында Бас келісімге қол қойылды

23.07.2014

Көрулер: 2834

2014 жылдың 23 шілдесінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің ғылыми-зерттеу институттары арасында Бас келісімге қол қою рәсімі салтанатты түрде өтті.


Мұндай жоба әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға және 10 шақты ҚР БҒМ Ғылым комитетінің академиялық институттарына тәжірибе түрінде 2014 жылдың 1 қыркүйегінен бастап 100 магистрант және 50 PhD докторын даярлауға бірлесе мүмкіндік береді.

Осы орайда Алматы қаласындағы «Ғылым ордасында» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі А.Б. Сәрінжіповтің төрағалығымен ғылымның дамуына арналған кеңейтілген мәжіліс өтті. Жиынға ҰҒА академиктері, ЖОО ректорлары, ҒЗИ жетекшілері қатысты. Ғылыми ортада қазақстандық ғылым жағдайына қатысты маңызды мәселелер мен оның даму келешегі қарастырылды. «Біз осы бағытта 100 магистрлік, 50 PhD докторлық гранттарды бөліп отырмыз. Аталған жобаның ерекшелігі оқытушы ретінде бірқатар ғылыми ұйымдардың ғалымдары дәріс береді, оқу бағдарламаларын ғылыми-зерттеу институттарының ғалымдары дайындайтын болады. Осылайша, біз оқу бағдарламалары арасында бәсекелестік тудыра аламыз. Қалыптасқан ғалымдар өз білімдерін келер ұрпаққа қалдырып кетуі керек. Жақсы нәтижеге қол жеткізілген жағдайда бұл жоба өзге де оқу орындарында қолданылатын болады», - деді ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов.

Осы күнге дейін маман даярлауда тәжірибелік тұрғыдан жаңа ұсыныстармен жабдықтау орнына ғылыми секторлар – ЖОО, академиялық, салалық болып бір-бірінен, ал соңғы екеуі білім беру жүйесінен де жекеленген болатын. Еліміздің жетекші университеті және академиялық ҒЗИ әлеуметтік-гуманитарлы, механика-математикалық және ақпараттық бағытындағы ресурстарының бірлесуі шынайы білім мен ғылымның бірігу әрекетіне синергиялық әсер береді.

ҚазҰУ ректоры Ғ. Мұтанов: «Бүгін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университет Білім және ғылым министрлігінің ғылыми-зерттеу институттарымен келісімге қол қойды. Білім мен ғылымды қалыптастыру, интеграциялау және нақты қадам осы қол қоюдан басталады. Осы уақытқа дейін әр зерттеу институты өз бағытында жұмыс жасап келген болса, енді осы күннен бастап біз барлық потенциалымызды, күшімізді біріктіріп болашақта сапалы, жоғары деңгейдегі магистр, докторларды дайындауға кірісеміз. Бұл келешекте өз жемісін беретініне сенімдімін. Өйткені, бұл барлық озық елдерде жақсы қалыптасқан. Қазақстанда осындай жақсы бастаманы қолға алып, білім мен ғылымды ұштастырып жатыр», - деді өз сөзінде.

Ауқымды жобаны сәтті іске асыруда барлық алғы-шарттар бар. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ұлттық рейтингте көшбасшы болып, елде бірінші болып жоғары әлемдік стандарттарға сай және әлемнің жоғары оқу орындары бағдарламаларымен салыстыруға келетін инновациялық білім беру бағдарламаларын ендірді. Кластерлік тәсілмен факультет және кафедраларды жаңалап, нәтижеге негізделген ҚазҰУ өз көрсеткіштері бойынша QS рейтинг агенттігінің зерттеуі бойынша әлемнің 300 жетекші ЖОО қатарына кіріп, орта есептегі топ-университеттерге жақындады. Сонымен қатар, Қазақстандағы ЖОО арасында беделді халықаралық Thomson Reuters рейтинг агенттігінің «Ғылым саласындағы жетістігі үшін» арнайы дипломының иегері. Университет республика көлемінде өзге ЖОО-да теңдесі жоқ бірегей кампус пен ғылыми-инновациялық инфрақұрылымға ие.

Өз кезегінде, оқытушы ретінде ҒЗИ атақты ғалымдарын шақырту, олармен бірлесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын жасау ғылыми маман даярлау деңгейін арттыруға септігін тигізеді.

Академиялық және ЖОО ғылымының бірігуінің маңыздылығы тек ғылыми әлеуетті көтеруге емес, сондай-ақ жаңа ғылыми жасалған дүниелерді өндіріске енгізу болып табылады.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі