Тауман Салықпайұлы Амандосовтың туғанына 90 жыл толуына орай «Тәуелсіз Қазақстанның журналистикасы мен баспа ісінің өзекті мәселелері және оларды шешу жолдары» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті

05.06.2012

Көрулер: 4008

4 маусым күні әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде қайраткер ғалым, ұлағатты ұстаз Тауман Салықпайұлы Амандосовтың туғанына 90 жыл толуына орай «Тәуелсіз Қазақстанның журналистикасы мен баспа ісінің өзекті мәселелері және оларды шешу жолдары» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.


Ғылыми жиында алғаш сөз алған ҚазҰУ ректоры Ғ. Мұтанов: «Бүкіл қазаққа танымал болған біртуар азамат Тауман Амандосов журналистика факультетінің қалыптасуына өз үлесін қосқан қайраткер. Бүгінде тұлғанның шәкірттері журналистиканың дамуына өлшеусіз еңбек қосып, ізін жалғауда», - деп атап өтті. Ұлағатты ұстазға арналған конференцияда ҚР Мемлекеттік хатшысы Мұхтар Құл-Мұхаммедтің, ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұловтың құттықтаулары жолданды.

Тауман Амандосов – қазақ журналистикатану ғылымының негізін қалаушы, қасиетті қара шаңырақта журналистика саласының жеке факультет ретінде іргетасының қалануына ұланғайыр еңбек сіңіріп және оның алғашқы деканы болған, өмірінің соңына дейін университетте ұстаздық еткен, журналистика ғылымы бойынша тұңғыш докторлық диссертация қорғаған, осы сала бойынша алғашқы професссор атағын алаған, Баспа ісі және әдеби редакциялау кафедрасының ұйымдастырушысы әрі меңгерушісі болған қайраткер ғалым, ұлағатты ұстаз. 1958 жылдан 1991 жылға дейін журналистика факультетінде оқыған түлектердің бәрі дерлік Амандосовты өзінің сүйікті ұстазы санады. Тау тұлғанын дәрісін тыңдаған кешегі шәкірттер бүгінде мемлекетімізге, ұлтымызға сіңірген елеулі еңбегімен ел құрметіне бөленген мемлекет, қоғам, ғылым мен білім қайраткерлері. Солардың басында тұрған ҚазҰУ профессорлары Т. Кәкішев, Ә. Ыдырысов, Қ. Әбдезұлы, К. Қамзин, С. Қозыбаев, Қазақ ұлттық кітап палатасының директоры Ж. Тұрарұлы сонымен бірге, «Қазақ энциклопедиясы» ЖШС директоры, ф.ғ.д., профессор Б. Жақып, «Отырар» кітапхансының директоры Т. Жұртбай, «Атамұра» корпорациясының президенті Р. Құл-Мұхаммед Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ журналистика және саясаттану факультетінің деканы Қ. Сақ, ғалымның ұрпағы А. Амандосов және тағы басқалар бүгін бас қосып, ұстазды еске алды, Қазақстанның журналистикасы мен баспа ісінің өзекті мәселелері және оларды шешу жолдарымен бөлісті. «Тауман Амандосовтың қазақ публицистикасының теориясы мен тәжірибесі, баспасөз жанрлары,бұқаралық ақпарат құралдарының жүйесі мен журналистикасының қоғамда алатын орны туралы зерттеу еңбектері «Қазақ совет баспасөзінің жанрлары», «Қазіргі қазақ публицистикасы», «Совет журналистикасының теориясы мен практикасы» атты еңбектерінде келтірілген. Тауман дегенде көзіме тау елестейді. Ол тұғыры биік тау тұлғалы азамат еді», - дейді ақын, профессор Бауыржан Жақып.

Жиын барысында Тауман Салықбайұлының өмірі мен шығармашылық және ғылыми қызметтеріне арналған «Өнегелі өмір» сериясымен «Қазақ университеті» баспасынан шыққан кітаптың тұсауы кесілді. Осы сериямен жарық көрген бұл он бірінші кітап. Ешбір ЖОО-да жоқ жобаны тәжірибеге енгізіп, «Өнегелі өмір» сериясының құрылып, дайындалып шығуына қосқан үлесі үшін ҚазҰУ ректоры Ғ.Мұтанов ғылыми бас қосуда Қазақстан журналистика академиясының «Алтын жұлдыз» құрметті грамотасымен марапатталды. Әрине, тұлғаның өмірі жас ұрпаққа өнеге. Осыған орай студентер мен жас ғалымдар арасында өткен «Алыптың аманаты» атты Амандосов оқуларының нәтижесі қорытындыланып, ғылыми және шығармашылық байқаудың жеңімпаздары марапатталды. Конференция аясында «Қазақстан», «Атамұра», «Мектеп», «Ана тілі», «Алматыкітап», «Аруна», «Өнер», «Жазушы», «Білім», «Көкжиек», «Дайк-Пресс» және басқа да баспалар кітап көрмесін ұйымдастырды.

Есімі ерекше тұлғанының ел есінде мәңгі қалғандығының көрінісі бүгінгі жиында ерекше көрінді. Себебі, Т.Амандосов жайлы әрқайсысы ерекше толғаныспен еске алған естеліктер толастамай айтылып жатты. Ғұмыры ғасырға таяп қалған тұлғаның көзі тірі болғанда той болар ма еді. Дегенмен, өмірден ғайып болса да, қайраткер туралы естеліктер әлі де талай ғасырды жалғайтыны сөзсіз. Тау тұлғаны ұрпағы мәңгі ұлықтайды.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі