Студенттер Польшада тағылымдамадан өтуге мүмкіндік алады

28.09.2022

Көрулер: 2598

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне Польшаның Белосток қаласында орналасқан Жоғары экономика мектебінің ректоры, құрметті консул, профессор Александр Прокопюк арнайы келді. Жұмыс сапары барысында құрметті қонақ ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – операциялық қызмет жөніндегі проректор Әсел Уәлиевамен кездесіп, екі елдің білімі мен ғылымын дамыту мақсатында екіжақты ынтымақтастық орнату мәселелерін талқылады.

Әсел Уәлиева мейманға ҚазҰУ-дың тарихы мен жетістіктері туралы баяндады. Сонымен қатар өз сөзінде проректор ҚазҰУ мен Польша университеттері арасында жасалған көпжылдық байланыстың жемісті болғанын атап өтті.

«Бүгінде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Польшаның 15 жоғары оқу орнымен ынтымақтастықта. Академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша 2022 жылы 14 студент пен 40 магистрант Польшаның түрлі университеттерінде тағылымдамадан өтті. Сонымен қатар білім ордасының 12 оқытушысы Польшаның жоғары оқу орындары мен ғылыми орталықтарына барып, түрлі семинарлар мен конференцияларға қатысты. Екіжақты ынтымақтастық күннен-күнге артып келеді», – деді Әсел Уәлиева.

Өз кезегінде Белостоктағы Жоғары экономика мектебінің ректоры Александр Прокопюк бірқатар нақты ұсынысын жеткізді.

«ҚазҰУ мен Белосток жоғары экономикалық мектебі арасында ынтымақтастық орнату маңызды қадам деп санаймын. Бұл бастама өз кезегінде білікті және мықты экономистерді даярлауда өз үлесін қосатын болады. Студенттер екі елдің білім беру бағдарламасын меңгереді. Кейін білім алушы жастарға қос диплом беріледі», – деді Александр Прокопюк.

Кездесу соңында тараптар аталған бастамаларды жоспарлы түрде іске асыруға уағдаласып, естелік сыйлықтармен алмасты.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі