ҚазҰУ – Кембридж университеті: ынтымақтастықтың жаңа белесі

10.08.2022

Көрулер: 4300

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Кембридж университеті ғылым-білім саласындағы ынтымақтастықты дамытуды жалғастыруда.

Осы орайда, Кембридж университеті жанындағы Кавендиш зертханасының аға ғылыми қызметкері, доктор Сиддхарт С. Саксен және ҚазҰУ түлегі, Кембридж университетінде докторлық диссертация қорғаған ғалым Шоқан Лаумулин Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға арнайы келді.

Кездесу барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ниет білдіріп, білім беру қызметіндегі серіктестіктің басым бағыттарын талқылады. Сонымен қатар жүздесуде бірлескен ғылыми зерттеулерді жүзеге асыру, университеттер арасында ғылыми зертханалар желісін ұйымдастыру туралы бастама қарастырылды. Олар тек іргелі зерттеулер жүргізіп қана қоймай, Қазақстан өнеркәсібін де белгілі бір қызметтермен қамтамасыз етеді деп күтілуде.

Бүгінгі таңда 30 қызметкер-зерттеуші Нобель сыйлығын алған Кавендиш зертханасы студенттер академиялық білім алып, атақты ғалымдар мен профессорлармен қатар қолданбалы ғылыми зерттеулер жүргізе алатын алғашқы оқу-ғылыми зертханасы болып табылады.

Айта кетсек, Кембридж университеті – әлемдегі ең үздік жоғары оқу орындарының бірі. Бұл беделді білім ордасында 130 Нобель сыйлығының лауреаты жұмыс істеген. QS халықаралық рейтингінде ол әлемдегі ең үздік жоғары оқу орындарының бестігіне кіреді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі