ҚазҰУ-да Data Engineering білім беру бағдарламасы іске қосылды

10.08.2022

Көрулер: 4789

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ақпараттық технологиялар факультетінде алғаш рет қолданбалы бакалавриаттың Data Engineering пилоттық білім беру бағдарламасы іске қосылды.

Бағдарлама деректер инженериясы саласында еңбек нарығында сұранысқа ие жоғары білікті мамандарды даярлауға бағытталған. 

Жалпы орта білімі бар талапкерлер еліміздің жетекші жоғары оқу орнына түсіп, жаңа мамандық игереді. Олар «Математика» және «Информатика» пәндері бойынша емтихан нәтижелері негізінде қабылданады. ҰБТ сертификаты қажет етілмейді. Техникалық және кәсіптік білім алған талапкерлер үшін арнайы сұхбаттан өту жеткілікті.  

Data Engineering-тің артықшылығы – бұл тәжірибеге бағытталған бағдарлама. Білім алушылар әртүрлі әлеуметтік-экономикалық салалардағы технологиялық міндеттерді шешуге машықтанады. Сонымен қатар білім беру жүйесі Data Engineering саласындағы ұстаздардың қатысуымен арнайы курстар өткізеді. Оқыту уақытының 30 пайыздан астамы АТ-компанияларда жүргізіледі. 

Диплом алғаннан кейін түлектер өзекті, қарқынды дамып келе жатқан салада жұмыс істей алады және Data инженер, Big Data инженер, Деректер базасының құрастырушысы, BI-аналитик, Data сайентист сынды мамандықтарға ие болады.

Оқу ұзақтығы мектеп түлектері үшін – 3 жыл, колледж түлектері үшін – 2 жыл.

Data Engineering – бұл Қазақстандағы сұранысқа ие және жоғары ақы төленетін мамандықтардың бірі. Forbes.kz зерттеулеріне сәйкес, 2021 жылы Data маманының ай сайынғы жалақысы 600 000 теңгеден астам соманы құраған.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі