ОТАНДЫҚ ҒЫЛЫМ ЖАҢА БАҒЫТТА ДАМИДЫ

01.07.2022

Көрулер: 3185

Бүгін «Ғылым ордасында» Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының кезекті отырысы өтті. Жиынға ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, ҚР ҰҒА президенті Мұрат Жұрынов, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев, ғылыми-зерттеу институтының басшылары, президиум мүшелері мен академиктер қатысты.

Басқосуда Саясат Нұрбек сөз сөйлеп, министрлік пен ғалымдар бірлесіп жұмыс жасау қажет екенін атап өтті. ­Өз сөзінде министр ғалымдардың кез келген ұсыныс-пікірін тыңдауға әзір екенін жеткізді.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 1 маусым күні Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының мерейтойлық сессиясында Ғылым академиясының қызметін түбегейлі жаңарту, оны ғылыми ой-пікірдің орталығына айналдыру қажеттігін, академияны беделді құрылым ретінде қайта құрып, ғылыми ұйымға мемлекеттік мәртебе беру керектігін мәлімдеді.

Біздің негізгі мақсат – ғылымды дамыту. Ғылымның арқасында еліміздің экономикалық әлеуетін көтеру күн тәртібіндегі мәселе. Мен сіздердің кез келген ұсыныстарыңызды тыңдауға дайынмын. Сонымен қатар ғылыми-зерттеу институттарының жұмысын жүйелеу керек. Осы орайда, жоғары оқу орны мен ҒЗИ бірлесіп, жұмыстарын жандандыруы қажет», – деді министр.

Сондай-ақ өз сөзінде ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ғылым ордасына жөндеу жұмыстары жүргізілетінін мәлімдеді.

Ғылым ордасының тарихы тереңде. Бұл ғимараттың салынғанына ұзақ жылдар өтті. Сондықтан да осы ғимаратқа жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет. Ғылым ордасына келген жас ғалымдарға қолайлы жағдай жасалуы керек. Аталған жұмысты Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев қолдап отыр. Жөндеу жұмыстарына қатысты ұсыныстарыңыз болса, тыңдауға әзірмін», – деді Саясат Нұрбек.  

Өз кезегінде ҚР ҰҒА-ның Әлеуметтік ғылым бөлімшесінің төрағасы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев баяндама жасады.

«Мемлекет тарапынан ғылымға деген көзқарас жылдан-жылға артып келеді. Мәселен, келесі жылы ғылым саласына бөлінетін қаржы төрт есеге көбейгелі отыр. Бұл үлкен қолдау. Біз осы мүмкіндікті пайдалана отырып, ғылым саласын жаңа бағытта жетілдіруіміз қажет. Сондай-ақ ғылымдағы өзекті мәселелерді шешу жолдарын ұсынуымыз керек. Ғылымды дамытуда билік пен халық ғалымдарға сенеді», – деді университет ректоры.

Жиын барысында Ұлттық ғылым академиясының академиктері мен ҒЗИ директорлары сөз сөйлеп, ғылым ордасында көптен бері қордаланған мәселелерді баяндады.

Кездесу соңында Саясат Нұрбек айтылған ұсыныс-пікірлер ескерілетінін жеткізді. Сондай-ақ министр жоғары оқу орны мен ҒЗИ басшыларына бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі