Индонезиялықтармен тәжірибе алмасу жалғасады

30.06.2022

Көрулер: 2317

     Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне Жокьякарт мемлекеттік университетінен академиялық мәселелер жөніндегі проректор, профессор М. Хам. Маргана бастаған өкілдік делегация келді.

    Индонезиялық меймандар қатарында аталған жоғары оқу орнының жоспарлау және ынтымақтастық жөніндегі проректоры, доктор Сисвандойо, Әлемдік деңгейдегі университет кафедрасының меңгерушісі Мухаммад Брури Трийо, ғалымдар Нуник Сугести, Исти Юнита және академиялық мәселелер жөніндегі топ жетекшісі Амрих Бакти Утама сынды білікті мамандар бар.

   Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев қонақтарды университет жұмысымен таныстырып, ҚазҰУ жетістіктері мен алдағы мақсаттарға тоқталды.

    «ҚазҰУ-дың шетелдік жоғары оқу орындарымен ғылыми-білім беру қарым-қатынасының бай тәжірибесі бар. Бүгінгі күні жетекші жоғары оқу орындарымен, институттармен ынтымақтастық туралы 500-ден астам халықаралық келісімге қол қойылды. Сол келісімдердің аясында түрлі білім беру бағдарламалары мен ғылыми-инновациялық жобалар жұмыс істеп жатыр, оның ішінде Индонезияның жоғары оқу орындарымен сәтті іске асырылуда. Тәжірибе алмасу мақсатында біздің студенттер, оқытушылар, магистранттар, докторанттар индонезиялық әріптестермен бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуде. Бұл жұмыстар алдағы уақытта жаңа бағытта нәтижелі жалғаса беретін болады», – деді ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев.

     Профессор М. Хам. Маргана өз кезегінде университет басшылығына жылы қабылдағаны үшін алғыс айтып, Жокьякарт мемлекеттік университеті ректорының сәлемін жеткізді.

     Кездесу соңында тараптар өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.

 

                                     Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі