ҚазҰУ-да отандық дипломатия мүмкіндіктері талқыланды

30.06.2022

Көрулер: 2129

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қазақстан дипломатиясына 30 жыл толуына орай, Алматы қаласындағы ҚР Сыртқы істер министрлігі және дипломатиялық корпус өкілдерімен кездесу өтті. 

Құрметті қонақтар жүздесу аясында Әл-Фараби кітапханасының мұражайын аралап, «Ұлы даланың жеті қыры», «Алаш көсемдері», Абай залы және сирек кітаптар мен қолжазбалар қорын тамашалады. Сонымен қатар келушілер назарына ҚазҰУ-дың бас даму жоспарының таныстырылды.

     ҚР дипломатиялық корпусының өкілдері оқу орнының ұжымы алдында сөз сөйлеп, университет басшылығына қонақжайлылығы, қолдауы мен тығыз ынтымақтастығы үшін алғыс білдірді. Олар өз сөздерінде егемен Қазақстанның сыртқы саясаты мен дипломатиясының 30 жылдық қызметінің маңызды тарихи кезеңдерінен мағлұмат берді. ҚР Сыртқы істер министрлігінің Алматыдағы өкілдігінің басшысы Асқар Шоқыбаевтың айтуынша, ЖОО-дағы кездесулер әрдайым жаңа мүмкіндіктер ашады және ғылыми-педагогикалық қоғамдастықпен өзара жұмысты жандандырады. Сондай-ақ елшілер жиын барысында өз білімдері мен тәжірибелерін ортаға салып, Қазақстанның қазіргі халықаралық қатынастардағы сыртқы саясаты, жетістіктері мен келешегі жайлы әңгімеледі.

      Өз кезегінде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев дипломатиялық корпус өкілдерін кәсіби мерекемен құттықтады. Қазақстан Республикасының Дипломатиялық қызмет күні жыл сайын 2 шілдеде атап өтіледі.

    «Қазіргі таңда еліміз халықаралық қатынастар саласында өзіндік бағыт ұстанып, бейбітшілік пен татулықтың жаршысына айналды. Бүгінгі күні Қазақстан Республикасы дамудың жаңа сатысына аяқ басты. Еліміздің ішкі саясатында жүргізіліп жатқан күрделі реформалар сыртқы саясат пен дипломатия саласында да әсер ететіні анық. Осы ретте Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті үлкен міндеттерді іске асыруда», – деді Жансейіт Түймебаев.

     Сонымен қатар ректор ҚазҰУ жетістіктерімен бөлісіп, биыл жаһандық QS рейтингінде әлемнің үздік 800 университеті арасынан 150-орын алғанын атап өтті. Бүгінде ҚазҰУ-да 30 жылдық тарихы бар халықаралық қатынастар факультеті табысты жұмыс істеуде. Факультет халықаралық қатынастар мен сыртқы саясат, халықаралық құқық және әлемдік экономика саласындағы кадрлар ұстаханасы болып саналады.

     «Біздің халықаралық дәрежедегі түлектеріміз заң шығарушы және атқарушы билік органдарында Қазақстан Республикасы Парламенті мен Үкіметінің аппаратында, ҚР СІМ-де және шетелдердегі өкілдіктерде жемісті еңбек етуде. Олардың көпшілігі біздің елімізді дипломатиялық өкілдіктерде таныстырады, академиялық мекемелер мен іскерлік орталарда жоғары сұранысқа ие», – дей келе, университет басшысы дипломатиялық корпуспен кездесу ынтымақтастық пен өзара іс-қимылды нығайтуға бағытталған жақсы дәстүрге айналуы тиіс екеніне назар аударды.  

     Сондай-ақ кездесу барысында БҰҰ Жаһандық коммуникациялар департаментінің өкілі және Қазақстандағы БҰҰ Ақпараттық бюросының басшысы Властимил Самек, ҚХР-дың Алматыдағы бас консулы Цзян Вей, Түркия Республикасының Алматыдағы бас консулы Али Рыза Акынжы сөз сөйлеп, өзара ынтымақтастықтың жарқын болашағы мен дипломатиялық кадр даярлаудағы ҚазҰУ-дың рөлін ерекше атап өтті.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі