АҚЫН, БАСПАГЕР МЕРЕЙТОЙЫ ТУҒАН ЖЕРІНДЕ АТАП ӨТІЛДІ

27.06.2022

Көрулер: 2427

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы «Қазақ университеті» баспа үйінің бас редакторы, белгілі ақын, журналист, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, «Құрмет» орденінің иегері Кәдірбек Құныпияұлының 60 жасқа толуына орай, туған жері Кеген ауданында шығармашылық кеш өтті.


Шараға ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, Кеген ауданының әкімі Талғат Байеділов, «Рухани жаңғыру» орталығының директоры, жазушы Нұрғали Ораз және  қаламгерлер мен өнер қайраткерлері қатысты.

Шығармашылық кеште сөз алған ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев ақын Кәдірбек Құныпияұлын асқаралы 60 жасымен құттықтап, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғыс хатын және ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қариннің құттықтау хатын табыстады.

«Кәдірбек Құныпияұлы Қазақстанның мәдениеті мен руханиятын дамытуда сүбелі үлес қосып келе жатқан қайраткер ақын. Бүгінде баспа саласында ғалымдардың, ақын-жазушылардың құнды туындыларын өз оқырмандарына жеткізуде аянбай еңбек етуде», - деді Мәлік Нұржанұлы.

Кеген ауданының әкімі Талғат Байеділов ақынды Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің атынан Құрмет грамотасымен марапаттады. Сондай-ақ аудандық мәслихат шешімімен Кәдірбек Құныпияұлына «Кеген ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті атынан «Рухани жаңғыру» орталығының директоры, көрнекті қаламгер Нұрғали Ораз, Ақпарат және коммуникациялар департаменті директорының орынбасары Алмат Исәділ сөз сөйлеп, ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы - Ректоры Жансейіт Түймебаевтың құттықтау хатын табыстады.

«Сізді Алаш жұрты ақындық таланты ерте танылып-мойындалған, бүгінгі қазақ поэзиясының көрнекті өкілі, ұлттық журналистика майталманы ретінде жақсы біледі. Сіздің қаламыңыздан туған «Қарқара, қайда барасың?», «Сарыала қаз – сағыныш», «Алтын семсер», «Найзақара» жыр жинақтарыңыз оқырман жүрегіне жетіп, жоғары бағасын алды. Талантты қаламгер, тәжірибелі редактор ретінде аудандық, облыстық, республикалық басылымдарда жауапты қызметтер атқарып, өткір мақалаларыңызда қоғамдағы өзекті мәселелерді көтердіңіз. Мерейлі жасыңызда сізге мықты денсаулық, ұзақ өмір, отбасыңызға бақыт-береке, шығармашылығыңызға шабыт тілеймін!» – делінген құттықтау хатта.

Сонымен қатар мерекелік кеште Кәдірбек Құныпияұлының «Найзақара» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.

Шара барысында ақын қаламынан туған «Қарқара, қайда барасың?» поэмасы мен өлеңдері оқылып, кеш соңы концерттік бағдарламамен жалғасты.

                                                                           Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі