МАРАПАТҚА ЛАЙЫҚ МАЙТАЛМАНДАР

24.06.2022

Көрулер: 1772

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан және ғылыми қызметке айрықша еңбек сіңірген бірқатар азаматтар мемлекеттік наградаға ие болды.  Солардың қатарындағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушы ғалымдарымен тілдескен едік.  

 

РОБОТОТЕХНИКА – БОЛАШАҚТЫҢ ТАҢДАУЫ 

Жұмаділ БАЙКӨНШЕКОВ, ҚазҰУ жанындағы «Цифрлық технологиялар және робототехника» ғылыми-білім беру орталығының директоры, «Парасат» орденінің иегері: 

– Қазіргі дүниежүзілік индустрия 4.0 концепциясының негізін сандық және аддитивті технологиялар мен робототехника құрайды. Әлемдік робототехникада сервистік роботтарға көп көңіл бөлініп жатса, өндірістік робототехникада параллель роботтар қарқынды дамып келе жатыр. Параллель роботтардың қазіргі өндірісте қолданылып жатқан сериялық немесе антропоморфты роботтарға қарағанда жүк көтергіштігі, позициялау дәлдігі және жұмыс істеу жылдамдығы жоғары.

2017 жылы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Сандық технологиялар және робототехника» ғылыми-білім беру орталығы құрылып, 2018 жылдан бастап университетте «Робототехникалық жүйелер» оқу бағдарламасы ашылды. Орталықтың негзгі ғылыми бағыты – параллель роботтар және RoboMech класты параллель манипуляторды зерттеу. Менің ғылыми жұмыстарымның нәтижесінде RoboMech класты параллель манипуляторлардың негізі қаланды. RoboMech класты манипулятор – роботтардың да, механизмдердің де қасиеттеріне ие жаңа түрдегі манипуляторлар. Бұл сала академик Өмірбек Жолдасбековтің жоғарғы класты механизмдер теориясына негізделіп, оның жалғасы болып табылады. Қазақстан ғалымдарының халықаралық механизмдер мен машиналар теориясы және робототехника ғылымдарына қосқан үлесі осы екі саламен анықталады. Қазіргі таңда параллель роботтар саласында үш аяқты параллель роботтардың (триподтардың) жаңа үлгілерін жасау жобасына жетекшілік етіп келемін. Бұл триподтар қазіргі өндірісте қолданып жүрген алты аяқты параллель роботтарға (гексаподтарға) қарағанда техникалық және экономикалық жағынан тиімді.

Осы еңбектерімнің еленгені болар, ел Президенті «Парасат» орденімен марапаттады. Ғалым үшін қоғамға қызмет ететін тың жобаларды дүниеге әкеліп, сол салада шәкірт тәрбиелеу – үлкен қуаныш. Еңсесін тіктеген елімізде алдағы уақытта да көптеген ғалымдар шығып, халқымыздың даңқын асырады деп сенемін.

 

ҚАЗАҚ ҒЫЛЫМЫ ҚАЙТА ӨРКЕНДЕЙДІ


Назарбай БЛИЕВ, «Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы» РҚБ академигі. «Парасат» орденінің иегері: 

Қазақ ғылым академиясы Кеңес Одағы кезінде Ресей мен Украинадан кейінгі үшінші орында болатын. Еліміздегі математиктердің еңбектері шетелдік баспаларда ағылшын тіліне аударыла бастап еді. Бірақ 90-жылдардағы тоқырау кезінде ғылым мен білім мәселесі кенжелеп қалды. Сол кездері Ұлттық ғылым академиясы да мемлекеттік статусынан айырылып, қоғамдық ұйым деңгейінде қалып қойды. Соған байланысты ғылыми жобаларды қаржыландыру да төмендеп кетті. Қазір бір қуанарлық жағдай – Мемлекет басшысы ғылым мен білімге көңіл бөлу арқылы жаңа Қазақстанның әл-ауқатын көтереміз деп міндеттер жүктеді. Қоғамда да ғалымдарға деген көзқарас түзеле бастады. Кеше академияның 75 жылдығына арналған жиында Мемлекет басшысы жақсы бастамалар ұсынып, «Ұлттық ғылым академиясын мемлекеттің қарамағына өткізіп, ғалымдарға қолдау көрсету қажеттігін» айтып өтті. 

Менің «Обобщенные аналитические функции в дробных пространствах» деген 1995 жылы шыққан еңбегімді неміс ғалымдары таңдаулы түрде ағылшын тіліне аударып, халықаралық баспа арқылы 1997 жылы Америкада басып шығарды. Содан бері ешқандай кедергілерге қарамастан, осы бағыттағы жұмысымды тоқтатқан емеспін. Соңғы 2020-21 жылдары «Комплекстік айнымалылар және эллиптикалық теңдеулер» атты халықаралық журналда төрт ғылыми мақалам жарық көрді. Тағдырдың берген сыйы болар, әлі күнге дейін ғылыми жұмыстарымды жалғастырып келемін. Осындай жетістіктерімді ескерген Мемлекет басшысы маған «Парасат» орденін берді. Өмірде еңбегің еленіп, халықтың пайдасына жарап жатса, одан асқан қуаныш жоқ. Сондықтан жастарға айтарым, еңбек түбі – береке. Еліміздің жастары білімді болса, білім мен ғылымның деңгейі өсіп, экономикамыз да өркендер еді.

 

МАТЕМАТИКА ТӘУЕЛСІЗ ӘРІ ТЕЗ ДАМИДЫ 

Уалбай ӨМІРБАЕВ, қазақстандық математик-алгебрист, физика-математика ғылымдарының докторы, «Құрмет» орденінің иегері: 

– Кез келген мемлекеттің дүниежүзіндегі орны, қуаты, экономикасы бірінші кезекте сол мемлекеттің ғылым және білім, технология және инновация саласындағы жетістіктерімен байланысты. Біздің еліміз соңғы 30 жылда тек қана шикізат көздерін пайдаланып келді. Ғылым мен білімге тұрақты қаражат бөлінбеді. Тіпті өз ғалымдарымыз көзге ілінбей, шетелдік мамандар таным деңгейіне қарамастан, артық бағаланған кездер де болды. Бұл «үшінші» немесе «дамушы» елдерге тән саясат. Бір ғана жоғары оқу орнын басқаларынан бөліп-жарып, сол бір ғана университет арқылы ғылымды дамыту мүмкін емес. Елдегі барлық ғылыми мекемелерге бірдей қолдау көрсету қажет.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев екі-үш жыл бұрын табыстың 1 пайызын ғылым мен технологияны дамытуға бөлу керек екенін айта бастады. Содан бері жетекші және жас ғалымдарға арнаулы гранттар бөлініп, ғылыми жобаларды қаржыландыру мерзімі ұзарғанын байқаймыз. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Ұлттық ғылым академиясының 75 жылдық мерейтойы қарсаңында ғылым мен білімге аса көңіл бөлінетінін тағы да айқындады. Осылай тұрақты қолдау болса, ғылымға талантты жастар келе бастайды. Қазақ ғылымы 5-10 жыл ішінде қайта шарықтап, жаңа белестерді бағындырады. Ғылымды көтеру үшін университеттердегі сабақ беру жүйесін жөнге салып, декандар мен кафедра басшылары студенттерге берілетін білімнің сапасын көтеруге арналған жұмыстар ұйымдастыруы қажет. Шетелдегідей ғылыми-зерттеу жұмыстарының университеттегі дәрістің сапасына ықпалы болуы аса маңызды.

Осы орайда, қазақ математикасының 1980-90 жылдары шарықтай түскенін айта кеткім келеді. Бұл кезең Өмірзақ Сұлтанғазин, Мұхтарбай Өтелбаев, Тынысбек Қалменов, Назарбай Блиев, Станислав Харин, Шалтай Смағұлов, Нарқозы Данаев, Александр Жеңсікбаев, Нұрлан Темірғалиев, Асқар Жұмаділдаев, Амангелді Омаров, Назиф Хамсиев, Рысқұл Ойнаров, Серікжан Бадаев, Михаил Перетяткин, Ғалым Мұстафин сынды математиктердің атымен байланысты. Тұрақты қолдау болса, математиканың тәуелсіз тез дамитын қасиеті бар. Математика ғылымның тілін жасаумен айналысады. Сондықтан да математикаға негізделген кез келген ғылым саласы тез дамиды. Демек, математика өркендесе, қалған ғылыми бағыттар да алға басады деген сөз.

       Президент жарлығымен Ұлттық ғылым академиясының 75 жылдығы қарсаңында «Құрмет» орденіне ие болғаныма қуаныштымын. Менің ғылымдағы атым 2001 жылы Нагата есебін шешуіммен тікелей байланысты. Сол еңбегімнің арқасында 2007 жылы Америка математикалық қоғамының сыйлығына, 2009 жылы Мемлекеттік сыйлыққа ие болдым. Ал 2020 жылы Ұлттық ғылым академиясының академигі атандым. Ғылыми-педагогикалық қызметім еліміздің үш ірі ғылыми орталығымен, атап айтқанда – Қазақ ұлттық университеті, Еуразия ұлттық университеті, Ұлттық ғылым академиясының Математика институтымен байланысты. Осы үш мекемеде ұзақ жыл бойы еңбек еттім. Қазіргі таңда шәкірттеріммен де мақтана аламын. Мәселен, бір кездері студентім болған Данияр Қозыбаев бүгінде Еуразия ұлттық университеті математика факультетінің деканы болып қызмет етуде. Сондықтан әлі күнге дейін аталған мекемелермен тығыз жұмыс істеймін.

 

БІЛІМ – БЕРІК ЭКОНОМИКАНЫҢ НЕГІЗІ

Асқар ДӘУЛЕТОВ, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ физика-техникалық факультетінің деканы, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері:

– Төртінші технологиялық революция ешқандай таңдау қалдырмайды – жоғары дамыған ғылым мен технология кез келген елдің тәуелсіздігінің ажырамас атрибуты болады. Білімге негізделген экономика ғана болашаққа сеніммен қарауға, табиғи ресурстардың сарқылуынан бастап, жаһандық экологиялық проблемаларды шешуге дейінгі қазіргі сын-қатерлерге барабар жауап табуға мүмкіндік береді.

Жоғарыда айтылғандардың бәрін сезіне отырып, ел Президенті өзінің халыққа жолдауларында қазақстандық ғылымның тәуелсіздікті нығайтуда, жоғары технологиялар мен инновацияларды дамыту үшін институционалдық база құруда атқаруы тиіс жетекші рөлін әрдайым атап өтеді. Оларға ғылыми зерттеулерді ұйымдастыру мен қаржыландыруға озық халықаралық тәжірибені зерделеу және енгізу бойынша ауқымды міндет қойылды.

Гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруға кезең-кезеңімен көшу жүзеге асырылды, онда жеткілікті жоғары сараптамалық баға алған жобалар ғана мақұлданады. Бұл жүргізілетін зерттеулердің сапасын арттыруды ынталандырудың ең қуатты және тікелей құралы болып табылады. Бұл ретте елдің жетекші ғалымдарынан тұратын ұлттық ғылыми кеңестер құрылды, олар халықаралық сараптаманы пайдаланумен қатар, қаржыландыру үшін жобалар мен бағдарламаларды сапалы іріктеуді қамтамасыз етуге арналған.

Жас талантты зерттеушілерге атақты корифейлермен тікелей бәсекелес болу өте қиын, сондықтан гранттық қаржыландыру конкурстары жүзеге асырылады, оған тек 40 жасқа дейінгі жас шектеулері бар топтар қатыса алады. Дарынды жастарды қолдаудың бұл тікелей шарасы оларға өздерінің батыл креативті идеяларын іске асыруға және шығармашылық қабілеттерін жан-жақты дамытуға мүмкіндік береді.

Қорытындылай келе, ғылым мен инновацияны басқару жүйесін реформалау процесі әлі аяқталмағанын ерекше атап өткім келеді. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық ғылым мен білім беруді дамытуды одан әрі ынталандыру бойынша жаңа нақты бастамалар ұсынады. Оларға, мысалы, базалық қаржыландыруды енгізу, гранттық қаржыландыру мерзімдерін ұлғайту, постдокторантура енгізу және т.б. оларды сауатты іске асыру ғылым мен технологияны дамытуда жаңа биіктерге жетуге мүмкіндік беретініне, елдің өндірісте құрылған ХХІ ғасырдың экономикасына көшуін қамтамасыз ететініне сенімдіміз.

Дайындаған Кәмила ЕРКІНҚЫЗЫ