ҚР Білім және ғылым министрі ҚазҰУ-ға келді

07.12.2021

Көрулер: 3659

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов арнайы келді. Жұмыс сапары барысында министр білім ошағында атқарылған жұмыстармен танысты.


Алдымен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы –  Ректоры Жансейіт Түймебаев ағымдағы жылы университетте жүргізілген құрылыс жұмыстарының барысына тоқталды. Министр соңғы үлгідегі күрделі жөндеуден өткен оқу ғимараттары мен жаңарған аудиторияларды аралады.

«Университет кампусына ұзақ жылдардан бері мұндай күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмегендіктен, көптеген ғимараттардың тозығы жеткен. Сол олқылықтың орнын толтырып, ағымдағы жылы университет аумағында үлкен  жұмыстар атқарылды», – деді университет басшысы.

Бұдан кейін министр Асхат Аймағамбетов заманауи стандарттарға сәйкес жабдықталған Al-Farabi Business school оқу кабинеттерін көріп, жұмысымен танысты.

Кездесу соңында Жансейіт Түймебаев министрге университеттің соңғы жетістіктері мен алдағы уақытта салынатын нысандардың құрылыс жоспары туралы баяндады.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі