ҚазҰУ-да «Тәуелсіздік толғауы» поэзия сағаты өтті

06.12.2021

Көрулер: 5632

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті қалашығындағы «Мәңгілік ел» сағат-стеласы алаңында алғаш рет «Тәуелсіздік толғауы» атты поэзия сағаты өтті. Рухани шара «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» онкүндігі аясында ұйымдастырылды.


Жиынның шымылдығын білім ордасы ректорының кеңесшісі, жазушы-аудармашы Мәлік Отарбаев ашып, көпшілікті ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтады.

Арнайы шақырылған ақындар қауымы ашық аспан астында көпшілікті азаттықтың ақ таңы жайлы жырларымен сусындатты. Ақындар шеруін белгілі ақын Дәулетбек Байтұрсынұлы «Сенің арқаң...» өлеңімен бастаса, талантты қырғыз қызы Перизат Алмасова бауырлас қазақ жұртына ағынан жарыла «Қазағым» атты жыр жолдарын арнады. Қазақ жерін құтты мекен, иран баққа теңеген ақын қыз Алаш жұртын Тәуелсіздіктің ұлы тойымен құттықтап, тілеулес ниетін жеткізді. Мінбеге көтерілген ақын Қайырбек Шағыр «Үміт» өлеңінде тәуелсіздік жолында қыршынынан қиылған боздақтар мен құрбандарды жырға қосты.

Оқу ордасының оқытушысы, ақын Бекжан Әшірбаев өз сөзінде тәуелсіздіктің бойтұмар екенін атай отырып, елімізде Ата заң – Конституция күніне де ерекше мән беру керектігін атап өтті. «Конституция күні мен Тәуелсіздік күнінен асқан мереке жоқ. Оның қадірін білейік, құндылығын саралайық. Бүгінгідей шаралар патриоттық сезімімізді, ұлтқа деген сезімімізді арттырады», – дей келе, «Отанды сүю» атты өлеңін оқып берді.

Сонымен қатар басқосуда Әлібек Шегебай, Есей Жеңісұлы, Саят Қамшыгер, Бауыржан Әліқожа, Жақсылық Қазымұратұлы, Асылан Тілеген, Нұрбек Нұржан сынды ақындар жырдан шашу шашып, туған ел мен жерге деген сүйіспеншілігін жеткізді.

Жырсүйер жастарға көтеріңкі көңіл күй, шабыт сыйлаған шайырлар «Мәңгілік ел» стела-сағаты мінберінде тәуелсіздіктің тұғырлы әрі баянды болуын тіледі. Білім нәрін берген қарашаңыраққа алғыс айтып, осында өткен қызықты күндерді сағына еске алды. Жастарға бейбіт өмірдің, қолда бар жақсылық пен мүмкіндіктің қадірін білуді насихаттады.

Жиын соңында бір топ ҚазҰУ жастары мәнерлеп өлең оқып, көпшілікті тәнті етті.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі