ҚазҰУ-да «Балалық шағымның аспаны» кино кеші өтті

04.12.2021

Көрулер: 3807

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» онкүндігі аясында «Балалық шағымның аспаны» атты кино кеші өтті. Студент жастар ҚР Тұңғыш Президентінің балалық және жастық шағы жайында түсірілген алғашқы көркем фильмді тағы бір рет тамашалап, рухани жігерлене түсті.


Елбасының тұлға ретінде қалыптасуын баяндайтын көркем фильмді жастарға көрсетудегі мақсат – отбасылық, рухани-адамгершілік құндылықтарды дәріптей отырып, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекет қалыптастырудағы рөлін насихаттау  және жас ұрпақты отансүйгіштікке, елге адал қызмет етуге тәрбиелеу.

Фильм Елбасының шынайы өмір жолын баяндайтын «Әділеттің ақ жо­лы», «Ғасырлар тоғысында», «Еуразия жүрегінде» шығармаларының желісі негізінде түсірілген.

Бала кезінен Сұлтан деген есімге ие болған Нұрсұлтан Әбішұлы ұшқыш болуды армандаған екен. Мектепті бітірген шағында Киевтегі азаматтық авиация институтына оқуға түсуге мүмкіндік алады. Алайда тағдыр оны мүлдем басқа арнаға бұрады. Туындыда Елбасының өмірге шыр етіп келген сәтінен бастап, 17 жастағы бозбала шағына дейінгі өмірі қамтылған.

Көркем картинада басты кейіпкерді әр кезеңде үш актер – Елжас Әлпиев, Әбілмансұр Серіков, Нұрлан Әлімжанов сомдаған. Басқа рөлдерді Бибігүл Төлегенова, Нұржұман Ықтымбаев, Наталья Арынбасарова, Алмагүл Әлішева, Ержан Жарылқасынов ойнаған.

Дара тұлғаның жалындаған жүрек оты мен арманға толы жан дүниесімен қауышқан жастар фильмнен мол әсер алып,  пікір бөлісті. Филология факультетінің 4-курс студенті Сәния Саттарова: «Фильмді тамашалау барысында Қазақ елінің бастан кешкен қиындық пен қызыққа толы дара жолына бірге аяқ басқандай күйде болдым. Халқымыздың өмірі, тұрмыс-тіршілігі, салт-санасы мен дәстүрі өте көркем суреттелген. Сол бір қиын кезеңдегі қазақ халқының бауырмал, жанашыр әрі қонақжай қасиеттері жүректі елжіретті. Ерекше әсер еткен тағы бір эпизод бар. Кішкене Сұлтан қолына «Ана тілі» кітабын ұстап, Ыбырай Алтынсариннің «Кел, балалар, оқылық!» өлеңін оқып отырады. Бұл тамаша көрініс маған терең ой салды. Елбасы бойындағы азаматтық, перзенттік, тұлғалық қасиеттер ана тілін ардақтаудан басталғандай. Туған тіл арқылы бойға даритын ұлттық болмыс ел мен жерге деген шексіз сүйіспеншілікті қалыптастырып, ерекшелеп тұрады», – деген толғанысын жеткізді.

Механика-математика факультетінің 4-курс студенті Ұлдана Жүрсінәлі Елбасының балалық шағы өткен Алматы облысындағы Үшқоңыр жайлауы, Шамалған ауылының әсем көріністерінен түсірілген кадрлар ерекше әсер сыйлағанын атап өтті. «Туған жердің тамаша табиғатына тамсанып отырдым, бойымды керемет мақтаныш сезімі биледі. Фильмге Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың балалық шағы туралы естеліктері өзек болғанын білеміз. Туған елін бүгінгідей деңгейге шығарған тұлғаның балалық шағын суреттеу, тарихты кері айналдырып, сонау жылдарды көз алдымызға көрсете білу – тамаша жұмыс. Бала Нұрсұлтаннан дана Нұрсұлтанды көре білдік», – дейді Ұлдана.

Ал журналистика факультетінің 1-курс студенті Айбек Берікболұлы фильмнің халық арасында жоғары бағаланып, лайықты бағасын алғанын тілге тиек етті. Ол: «Фильм желісіндегі еңбекке, білімге құштар ауыл баласы бүгінгі күні ел ағасына айналды. Фильм өте жоғары деңгейде түсірілген. Елбасының өмірі жайлы картинаны жастарға  көрсету үлкен өнеге әрі санаға серпіліс екені сөзсіз. Еліміз аман, тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуын тілеймін», – деген ізгі тілегін білдірді.

Сондай-ақ арманшыл жастар фильмнің қиялға қанат, бойға қуат  бітіріп, ұлтқа, туған ел мен жерге, тілге деген құрметті арттыра түскенін қуана жеткізді.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі