ҚазҰУ ректоры жемқорлықпен күрес кеңесіне қатысты

22.10.2021

Көрулер: 2669

Бүгін Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша ҚР жоғары оқу орындары басшыларымен өткен кеңеске қатысты.

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, ҚР СЖҚА қоғамдық кеңесінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бойынша комиссиясы және «Алматы адалдық алаңы» жобалық кеңсесі ұйымдастырған жиында 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасының жобасы талқыланды.

Кеңесті ашқан ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжанов мемлекеттің қауіпсіздігі мен дамуындағы сыбайлас жемқорлықпен күрес шараларының маңызына тоқталды. Оған қоғам өкілдерінің белсене атсалысуы және алдын алу шаралары сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің басты құралдары екенін еске салды. Төраға сыбайлас жемқорлыққа байланысты білім беру саласында тіркелген ресми деректерді келтіре отырып, індеттің тамырына балта шабатын және азайтатын тиімді тетіктердің қажеттігіне назар аударды.


Сонымен қатар сала басшысы Президент тапсырмасы аясында көптеген жоғары оқу орындарының пәндер тізіміне «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет» пәні енгізілгенін айтып, ректорлар назарына студенттерге сыбайлас жемқорлыққа қарсы білім беруді ұсынды.

Бұл ретте Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ базасында ғылыми-білім беру кластері шеңберінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы сана мен мәдениетті қалыптастыруға бағытталған «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы технологиялар» ғылыми-зерттеу институты жұмыс істейді. Сонымен қатар ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлескен «Sanaly urpaq» республикалық жобалық кеңсесі аясында ауқымды шаралар атқарылды. Атап айтсақ, парасаттылық және адалдық қағидаттарына оқыту бойынша білім беру саласындағы әрбір нысаналы топ үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру жөнінде әдістемелік ұсынымдар әзірленді. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізу бойынша да әдістемелік нұсқаулықтар енгізілді.


Бұдан бөлек, оқу орнының сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарты, Академиялық адалдық кодексі, университеттің комплаенс-қызметі туралы ереже бекітілді. ЖОО-ның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комиссиясы туралы ереженің жобасы даярланды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ алғашқылардың бірі болып «Адалдық дүкені», «Парасат» өнегелік мектебін ашты. Ағымдағы жылы университет алғаш рет «Sanaly urpaq» республикалық жобалық кеңсесімен бірлесіп, студенттерге арналған «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс мектебін» өткізуге бастамашылық жасады.

Сондай-ақ жуырда ЖОО басшысы Жансейіт Түймебаев «Sanaly urpaq» жобасы аясында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті 2021/22 оқу жылына арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кешенді жоспарға қол қойды.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі