Ақтеңіз университетімен ынтымақтастық артады

21.10.2021

Көрулер: 2637

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің өкілдері Түркияның Анталия қаласындағы Ақтеңіз университетіне арнайы сапармен барды. Олар университет кампусын, оқу ғимаратын аралап, білім ошағының басшыларымен кездесті.

Алдағы уақытта Қазақ ұлттық университеті мен Ақтеңіз университеті арасында достық, ынтымақтастық қарым-қатынас орнап, екі білім ошағы студенттер алмасуға, оқытушылар шақыруға мүдделес екені айтылды. Келешекте осы мақсатта екіжақты келісімге қол қойылмақшы.

Ақтеңіз университеті – Түркияның мемлекеттік жоғары оқу орны. Осы елдің үздік 20 университетінің легінде. Бұл оқу ордасында қазір 80 мың студент білім алып жатыр. Оның 2500-і шетелдік студенттер. Студенттермен жұмыс департаментінің басшысы Алина Аксойдың айтуынша, қазақстандық 1025 студент Ақтеңіз университетінде білім нәрімен сусындауда.

Ақтеңіз университетінің медицина факультеті мен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің медицина және денсаулық сақтау факультеті арасында тығыз байланыс орнату көзделуде. Себебі бұл университеттің өз клиникасы бар. Студенттер ол жерде білікті мамандардан дәріс тыңдайды, тәжірибеден өтеді. Бұл біздің білім алушыларға да тиімді болмақ. Әрі білім алады, әрі білігін шыңдайды. Шетелдік жоғары оқу орындарының құрамында жеке клиниканың жұмыс істеуі қалыпты жағдай, қалыптасқан үрдіс. Ал біздің елімізде мұндай тәжірибе енді-енді қолға алынып жатыр. Осы тұрғыдан алғанда, Ақтеңіз университетімен арадағы ынтымақтастықтың нәтижесі жемісті болмақ.

 

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі