КАМПУСТЫ ЖАҢҒЫРТУ ЖОСПАРЫМЕН ТАНЫСТЫ

24.09.2021

Көрулер: 2805

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Директорлар кеңесінің мүшесі Арманжан Байтасов пен Гүлмира Елеуова қонақта болып, кампусты дамыту жоспарымен танысты. Мәртебелі меймандар алдымен Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың еңбектері мен ел тарихына қатысты құнды кітаптар қойылған көрмені тамашалады.


Одан кейін оқу орнының басшысы Жансейіт Түймебаев ғимараттарды жаңғырту жоспарымен бөлісті. Оның ішінде жатақханалар, оқу корпустары және оқытушылар мен қызметкерлерге арналған тұрғын үй құрылысы, реконструкциялау жұмыстары жайлы кеңінен әңгімеледі.

Қазіргі уақытта университет балансында 18 оқу-зертханалық ғимараты, 17 жатақхана, Ө.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайы, Әл-Фараби кітапханасы, спорт-сауықтыру кешені, тамақтандыру комбинаты, «Керемет» СҚКО және технопарк бар.

Университет кампусы мен ғимараттарын жаңғырту жоспарында философия және саясаттану, жоғары оқу орнына дейінгі білім беру, шығыстану факультеттеріндегі оқу корпустарын, сондай-ақ спорт кешені мен тамақтандыру комбинатының ғимаратын күрделі жөндеу қарастырылған. Бұдан бөлек, алдағы жылдары студенттер үшін жатақханаларды, оқу корпустарын және оқытушылар мен қызметкерлер үшін қызметтік тұрғын үйлерді салу және реконструкциялау жоспарланған.

Қонақтар назарына ҚазҰУ-дағы 14 жатақхананы қайта қалпына келтіру бойынша эскиздік жоба ұсынылды. Таныстырылым барысында 2023 жылғы 1 қыркүйектен бастап барлық мұқтаж студенттерді жатақханада орындармен міндетті қамтамасыз ету туралы заң нормасы күшіне енетіні атап өтілді. Осы заңды орындау үшін ҚазҰУ Студенттер үйінің құрылысын бастауды жоспарлап отыр. Сондай-ақ тұрғын үй кезегінде тұрған оқытушылар мен қызметкерлер үшін тұрғын үй құрылысы салынады.

Қалашықты таныстыру Жағдаяттық басқару орталығында жалғасып, мұнда қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша мониторинг жүйесі көрсетілді. ЖОО басшысы делегация назарын орталықтағы жалпы бақылау үшін ақпаратты интерактивті режимде жинауға және талдауға мүмкіндік беретін заманауи сандық коммуникация құралдарына аударды. Университеттің дамыған IT-инфрақұрылымының арқасында 16 факультетте оқу үдерісінің барысын қадағалауға мүмкіндік бар.

Бұдан әрі қонақтар Экономика және бизнес жоғары мектебі, заң және журналистика факультеттерінің оқу ғимараттарында жүріп жатқан жөндеу және жаңғырту жұмыстарымен танысты. Сондай-ақ қалашыққа сапар барысында қарашаңырақтың бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы мол мағлұмат беріліп, басты бағыттары айтылды.

Келесі нысан №7 биология және биотехнология факультетінің және №8 ақпараттық технологиялар факультетінің студенттік жатақханасы болды. Тараптар апатты жағдайдағы инженерлік желілер мен коммуникацияларды күрделі жөндеу және оқу аудиториялары мен зертханалар, материалдық-техникалық базаны бүгінгі күн талаптарына сәйкес жабдықтау кезек күттірмейтін мәселе екеніне баса назар аударды.

Жатақханалардағы жарықтандыру, желдету, сумен қамтамасыз ету және кәріз жүйелерін техникалық стандарттарға сәйкес толық ауыстыру жұмыстарына да маңыз берілді.

Директорлар кеңесінің мүшелері жоғары оқу орнының даму стратегиясының негізгі бағыттарымен, ғылыми-инновациялық әлеуетімен және ҚазҰУ кампусын дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған жұмыс жоспарымен жан-жақты таныса келе, университет қызметіне сәттілік тіледі. 

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі