Бішкек университетіне құнды кітаптар сыйлады

24.09.2021

Көрулер: 2354

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Қ.Қарасаев атындағы Бішкек мемлекеттік университетіне аса құнды әдебиеттер жиынтығын сыйға тартты.

Игілікті іс екі жоғары оқу орны арасындағы өзара ынтымақтастық аясында Қазақстанның Қырғызстандағы Елшілігі қолдауымен жүзеге асты.

Бішкек мемлекеттік университетінің кітапхана қоры қарашаңырақтың «Қазақ университеті» баспа үйінен жарық көрген Әл-Фараби, Абай Құнанбаев шығармаларының толық жинағымен, қазақ, орыс тілдеріндегі басқа да көркем және оқу әдебиеттерімен толықты. Сыртқы безендірілуі мен ішкі мазмұны үйлескен бұл кітаптар «Әлемнің екінші ұстазы» атанған ғұлама мен «Адамзаттың Абайына» айналған ұлы тұлғаның еңбектері және шығыс әдебиеті мен мәдениеті, оның ішінде қазақ халқының тілі, тарихы мен мәдениеті туралы мол мағлұмат беріп, оқытушылар мен білім алушылардың таным көкжиегін кеңейте түсері анық.

Қырғызстандық ЖОО басшысы, профессор Әбділдә Мұсаев оқытушылар мен студенттер атынан Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Қазақстан Елшілігіне зор алғысын жеткізді. Жетекші ЖОО-лар арасындағы тиімді ықпалдастықтың кәсіби білім беру деңгейін көтерудегі әлеуетіне зор сенім білдірді.

Сондай-ақ тараптар бауырлас екі ел арасындағы байланысты нығайтуға, ортақ мақсат үшін бірлескен жобаларды дамытуға мүдделестік танытты.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі