Үздік жобалар өндіріске енеді

21.09.2021

Көрулер: 2452

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев оқу орнындағы ғылыми-зерттеу институттарының, ғылыми-білім беру орталықтары мен зертханаларының директорларымен кездесу өткізді. Дөңгелек үстелде ғалымдар зерттеуі мен әзірлемесінің экономикалық тиімділік мәселелері талқыланды.

Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында отандық ірі өндірушілердің жұмысына ғылыми қолдау көрсетудің маңыздылығын атап өтті. Мемлекет басшысы: «Ғалымдар мен бизнес өкілдерінің тығыз ықпалдастығы инновацияларды енгізу мен экономикалық өсімді қамтамасыз етуде жаңа мүмкіндіктерге жол ашады, ал жалпы ғылым ел экономикасына қызмет етуге тиіс» – деп атап өткен болатын.

Ғалымдармен кездесуге еліміздің ғылымы мен білімінің дамуы үшін табыс әкелетін ҚазҰУ-дың үздік жобаларын коммерцияландыру идеясы арқау болды. Ректор білім ордасының зор әлеуетін атап өтіп, жоғары нәтижелерге қол жеткізу үшін оны дұрыс бағыттауды тапсырды. Университетте коммерцияландыру орталығы құрылды, оның қызметін ЖОО ғалымдары дайындаған инновациялық әзірлеме мен жобалар арқылы жандандыру қажет. Жақын арада ҚазҰУ әлі күнге дейін толық зерттелмеген ежелгі қалалардың орнында қазба жұмыстарын жүргізу үшін әлемдік сарапшыларды тарта отырып, Археология орталығын ашуды жоспарлап отыр.

Айта кету керек, бүгінде университет заманауи материалдық-техникалық базаға ие. Жоғары оқу орнының инфрақұрылымында жаратылыстану ғылымдарының 8 ғылыми-зерттеу институты, әлеуметтік-гуманитарлық бағыттағы 6 институт және 12 зерттеу орталығы бар. Жыл сайын қажетті техникалық құрал-жабдықтар гранттық және бағдарламалық мақсатты қаржыландыру есебінен іске асырылатын зерттеу жобалары шеңберінде сатып алынады. Соңғы 3 жылда 300 миллион теңгеден астам сомаға 200-ге жуық жабдық сатып алынды.

Кездесу барысында Альмира Мэлсқызы, Олег Лаврищев, Жұмаділ Байгүншеков сынды ғалымдар сөз сөйлеп, зерттеу әзірлемелерін жақсарту және оларды өндіріске енгізу тәсілдері бойынша өз пікірлерімен бөлісті.

Мысалы, Эксперименттік және теориялық физика ғылыми-зерттеу институтының (ЭЖТҒЗИ) директоры Олег Лаврищев институттың мүмкіндіктерін кеңейтуді ұсынып, «Самұрық-энерго» холдингі олардың базасында ҚазҰУ ғалымдарының бір технологиясын енгізу мүмкіндігін қарастыратынын хабарлады.

Кездесу соңында оқу орнының басшысы Жансейіт Түймебаев ғылыми-зерттеу институттарының басшыларына өндіріске енгізуге қолайлы барлық ғылыми-инновациялық әзірлемелерге терең талдау жасап, нақты ұсыныстар беруді тапсырды.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі