Жас ғалымдар алда келеді

03.08.2021

Көрулер: 2829

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жас ғалымдары мемлекеттік грант алушылардың үздік ондығын бастап тұр. Мұндай қорытынды 2020-2022 және 2021-2023 жылдарға арналған ғылыми жобалар бойынша жас ғалымдарды гранттық қаржыландыру байқауларының нәтижесінде шығарылды.

ҚР Білім және ғылым министрлігінің хабарлауынша, 2020-2022 жылдарға арналған ғылыми жобалар байқауына еліміз бойынша жалпы саны 1374 өтінім түсіп, 164 жоба мақұлданған. Зерттеушілер саны 1034 адамды құрап, 8 907 882 теңге қаражат бөлінген. Ал 2021-2023 жылдарға арналған қаржыландыруға 547 өтініш келіп, оның ішінде 151 жоба бекітілген. Бұл жобаларға 2062 жас ғалым атсалысуда. Жалпы сомасы 16 320 777 теңге қаржы жас ғалымдардың ғылыми жобаларын қаржыландыруға бағытталып отыр.

Жас ғалымдардың іргелі және қолданбалы зерттеулерін қаржыландыруға бағытталған екі байқау бойынша ҚазҰУ-дың жас ізденушілеріне 57 жоба тиесілі. Ғылыми жобалардың жалпы сомасы 2 892 717 теңгені құрайды. Екінші орында 15 жобамен С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ болса, үшінші орында 15 жобамен Л.Гумилев атындағы ЕҰУ келеді.

Қолданбалы зерттеулер санатындағы ҚазҰУ ғалымдарының жұмыстары – Ұшпа органикалық қосылыстарды жою үшін ауаны фотокаталитикалық тазарту технологиясын дамыту (Б.Оралбеков); Өзендер мен каналдардың күрделі жүйесіндегі бөгеттің штаттық және штаттан тыс бұзылуы кезінде тасқын, серпінді толқындар мен балшық тас қоспаларын модельдеу (А.Исахов); Металдармен және беттік-белсенді заттармен ластанған суларды тазарту үшін экологиялық маңызды органикалық-минералды сорбциялық материалдар әзірлеу (Г.Ж.Қайралапова), SoC негізінде 5G сандық радио модульдерін және микротолқынды сигналдарды қабылдау станцияларын дамыту (М.А.Ибраимов) жобалары ғылымды дамытудың басым бағыттары бойынша ұсынылып, табысты іске асырылуда.

Айта кетсек, 2020-2022 жылдарға гранттық қаржыландыру шеңберіндегі жобаларды жүзеге асыру нәтижелері бойынша елімізде жас ғалымдар 2020 жылы 8 айда 498 жұмыс жариялаған. Оның ішінде 255 жұмыс қолданбалы жобалар бойынша болса, іргелі жобалар бойынша 243 жұмыс жарық көрген. Ал шетелдік басылымдарда 184 жұмыс таныстырылса, олардың 53-і – Web of Science, 88-і Scopus деректер базасында индекстелетін басылымдарда шыққан. Сонымен қатар «Электрохимиялық сілтісіздендіру әдісімен марганец кендерінен металл марганецті алу технологиясын әзірлеу» жобасы бойынша бір патент алынған.