Ғани ОМАРОВ, археолог-ғалым: Археологияда ашылмаған нысандар көп

23.07.2021

Көрулер: 2837

Ғани Қалиханұлы, бүгінде өмірдегі арман, жоспарларыңызды жүзеге асырып, белгілі археолог-ғалым, ұлағатты ұстаз атанған танымал азаматсыз. «Адам мамандық таңдағанда және өмірлік жар іздегенде қателеспеуі керек» деген сөз бар, бұл жағынан жолыңыз болған сияқты. Дегенмен алғаш өмір жолын бастағандағы таңдауыңыз құрылыс саласы болған екен. Алматы сәулет-құрылыс институтының дипломын алған жылы мамандығыңызды өзгертіп, ҚазМУ-дың тарих факультетіне оқуға түсуіңізде қандай сыр бар?

         – Армансыз адам болмайды, арман әрқашан алға жетелейді. Асқақ мұрат, мақсатқа, табысқа жетуге де сол арман түртпек болады. Адам жасының әр кезеңінде армандары да әртүрлі арнаға бұрып, өзгеріп тұрады. Ең бастысы, соған талпынып, қол жеткізуге күш салу керек. Тарих ғылымының ішіндегі тылсым қатпарлары көп, тұңғиыққа тартатын ең күрделісі – археология. Мен археологиялық қазба жұмыстарына бала күнімнен құштар болдым. Институтта бес жыл оқып алған құрылысшы мамандығынан археологияға түбегейлі бетбұрыс жасауыма сол бала күнгі армандарым себеп болды. Ғылымға құмарлық – жан құмарлықтарымның ішіндегі өзгешесі десем, артық айтпағаным. Кеңес өкіметі кезінде айтылмаған, жазылмаған, ашылмаған тарихымызды зерттеп, халқыма жеткізсем деген арман болды. Ғылымның тылсым иірімдерін игеру – күрделі әрі жауапты іс. Ұстаздарымның берген білімі мен тәрбиесі, жақсы адамдардың кеңестері мені түп-тамырымызды анықтайтын тарих пен археология ғылымының қайнаған ортасына түсірді. Осылайша қарашаңырақ – Қазақ ұлттық университетіндегі ұстаздарымның жебеуімен Археология және этнология кафедрасындағы ғылыми ізденістерім 1989 жылы Тарбағатай тауы теріскейіндегі ерте темір дәуірінің ескерткіштерін зерттеуден басталды.

         – Дүниеге адам болып келген соң, сол ғұмыр-дарияның ағысымен кете бермей, алған біліміңе, күш-жігеріңе сүйеніп, жақсылардың шарапатымен өз жолыңды тауып, еңбегіңнің жемісін жинаған нағыз бақыт шығар. Арманыңызға жетуге университеттегі ғұмырын ғылымға арнаған ұстаздар, ой бөлісетін замандастар, сыр шертісер достарыңыз себеп болғаны белгілі. Ғылым жолында өзіңізге үлгі болған адамдар туралы айтсаңыз.

– Кафедрадағы Әбдіманап Оразбаев, Уахит Шәлекенов, Мадияр Елеуов, Әбдеш Төлеубаев, Жәкен Таймағамбетов, Аманжол Қалыш сынды тәуелсіз еліміздің тарих ғылымын дамытуға үлкен үлес қосқан қазақтың маңдайалды археолог, этнолог ғалымдарымен бірге қызмет еткенімді мақтан тұтамын. Бұл кісілердің орны мен үшін бөлек. Нұртаза Алдабергеновтей қазақтың біртуар азаматынан тәлім-тәрбие алдым. Осы кісілерден алған тәжірибелерімізді Археология және этнология кафедрасындағы Бибізия Қалшабаева, Ерлан Тұрғынбаев, Дәурен Ескекбаев, Ғалымжан Бексейітов сияқты әріптестеріммен бірге салалық білім беру ісінде пайдаланып, ұстаздарымыздың ізін жалғастырып келеміз. Археологиялық экспедициялар кезінде қызметтес болған ғалымдар туралы бөлек әңгіме айтуға болады. Майемер, Берел қорымдарындағы алғашқы отандық зерттеулерге атақты археологтар Зейнолла Самашев, Жолдасбек Құрманқұлов, Антонина Ермолаева, шетелдік археологтар Я.А.Шер, А.-П.Франкфор сияқты ғалымдармен бірге қатысып, тәжірибе алдым.

Ғани Қалиханұлы, шәкірттерге білім берумен қатар, ғылыми ізденістерді қатар алып жүрсіз. Соңғы жылдары С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан МУ, Шәкәрім атындағы Семей МУ, І.Жансүгіров атындағы Жетісу МУ, М.О.Әуезов атындағы Семей және Абай атындағы Алматы педагогикалық университеттерінің тарих факультеті магистранттары мен студенттерінің археологиялық және этнографиялық тәжірибесіне басшылық жасайсыз, қаншама археологиялық экспедицияларға жетекшілік етіп жүрсіз, осы бағытта қандай жетістіктеріңіз бар?

         – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Археология, этнология және музеология кафедрасы ұжымы соңғы жылдары айтарлықтай жетістіктерге жетіп келеді. 2012 жылдан бері Шығыс Қазақстанда ҚазҰУ-дың тарих, археология және этнология факультетінің ұстаздары, ғылыми қызметкерлері, магистранттары мен студенттерінен тұратын Алтай археологиялық экспедициясын жасақтап, ғылыми-зерттеу жұмыстарына жетекшілік етемін. Шығыс Қазақстанның Күршім өңірі табиғат жағынан, сарқылмас табиғи байлықтарымен, кен көздерімен ғана емес, сонымен қатар бірегей тарихи-мәдени ескерткіштерімен белгілі.

       Қазақстан аумағындағы Алтай таулары көпметалды кендердің қазынасы саналады. Нарым мен Күршім тау жоталары аумағында алтын мен сирек кездесетін металдардың кеніштеріне аса бай. Күршім өңірі тайпаларының басты кәсібінің бірі металл өңдеу болғанына осында табылған қола, алтын заттары дәлел. Олар құрал-сайман, қару-жарақ, әшекей бұйымдар түрінде кездеседі. Әшекей бұйымдарын жасауда металл өңдеу өнері жоғары дәрежеге жетіп, бұйымдар сыртқы пішінінің әдемілігі мен өңдеуінің тиянақтылығы және мүсіндік бейнелілігімен ерекшеленеді.

         Күршім тарихи-мәдени ауданында жүргізілген археологиялық жұмыстардың барысында Қара Ертіс өзенінің оң жағалауында орналасқан Түйетас қорымынан VIII-X ғасырларға жататын жылқы әбзелдері табылды. Ер-тоқым, жүген әшекей заттармен жоғары дәрежеде, асқан шеберлікпен жасалған. Қимақ қорғанынан табылған мата шіріндісі Эрмитажда сараптамадан өтіп, нәтижесінде тура сол кездегі қалпына келтірілді. VIII-X ғасырлармен мерзімделетін Қимақ қорғанынан алғаш рет толықтай табылған жылқы әбзелдерінің реконструкциясы жасалып, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің кітапханасындағы «Ұлы дала» атты көрмеге қойылды.

2015 жылы Аян қорымынан қимақ жауынгерінің толық сақталған қорғаны қазылды. Зерттеу жұмыстары нәтижесінде қаңқаның сол қолының басынан ұзындығы өкшесіне дейін жететін қыны қайыстан жасалған, астыңғы жағына темір ұшы киілген, ұзындығы 115 см болатын семсер қойылған. Сабы ағаштан, үш бұрышты жəне дөңгелек саңылаулары бар жетесі темірден жасалған. Жүзі тік, қимасы үш бұрышты, ұшы конус тəріздес. Жетесі тік, оюланған. Қылыш сабының айналасында белге ілуге арналған, оюланған металдан жасалған заттар жатыр. Заттардың бетіндегі жапырақ, өсімдіктерге ұқсас оюлар, ал артқы жағында ромб тəрізді саңылаулары бар. Қылыштың астында, орталық бөлігінде темір пышақ, мəйіттің оң қолында қынап пен жебенің темір ұштары жатыр. Қорамсақтағы жебе бастары ұштарымен жоғары қаратылып қойылған. Одан басқа, көптеген металдан жасалған белбеу ұштары, тартқыштар, тағы басқа ат əбзелдері табылды.

2011 жылдың күзінде Лайбұлақ және Жаңатілек ауылдарының ортасындағы қорғаннан «Үржар ханшайымы» деген атқа ие болған алтыннан соққан баскиім кигізген, әшекейлі алтын бұйымдармен көмкерілген б.з.д. IV-III ғасырларда өмір сүрген әйелдің сүйегі табылды. Мұндай қорғандар Үржар ауданында көп болуы тиіс. 2015-17 жылдарда сіз сол жаққа экспедицияны бастап бардыңыз, нәтижесі қалай болды?

– Үржар тарихи-мәдени ауданына жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары барысында 20-дан астам бірінші рет ашылып отырған нысандарға зерттеулер жасалды, картадағы орындары анықталды. Зерттеу жұмыстары барысында Үржар, Жаңатілек, Таскескен, Лайбұлақ, Теректі ауылдары маңындағы аумақтар қамтылды. Жаңадан табылған археологиялық ескерткіштердің координаттары, бұрын белгісіз петроглифтердің орны картаға түсірілді. Аудан көлемінде тағы да қызғылықты археологиялық ескерткіштер – жартасқа салынған суреттер, ашылмаған қорғандар, тас мүсіндер бар.

Ал ханшайымға келер болсақ, археологиялық олжа бұдан әрі мемлекеттік мұра­жайда өзінің лайықты ор­нына жайғасатын бола­ды. Оқушылар, сту­дент­­тер, кә­сіби зерт­теу­ші­лер мен тарих­қа қы­зы­­ғу­шылық таныт­­қан қа­­лың бұ­қа­­ра­­ның көз­­айы­мы­на айна­лады.

– Әңгімеңізге рақмет. 

 

Сұхбаттасқан Қайыржан ТӨРЕЖАН

 

       Ғани Қалиханұлы Омаров 1961 жылы 3 маусымда Шығыс Қазақстан облысы Марқакөл ауданы Горное (Ақбұлақ) ауылында дүниеге келген. 1978 жылы орта мектепті үздік бітіргеннен кейін еңбек жолын сегіз жылдық мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі қызметінен бастады. 1979-84 жылдары Алматы сәулет-құрылыс институтында оқып, бітірді. 1984 жылы ҚазМУ-дың тарих факультетіне сырттай оқуға қабылданады. Арасында екі жылдық әскери борышын өтеп келді. 1989 жылдан бастап ҚазМУ-дың Археология және этнология кафедрасында аға инженер, ассистент, аға оқытушы, кафедра меңгерушісі қызметтерін атқарды. Осы оқу орнының аспирантурасын бітіріп, кандидаттық диссертациясын сәтті қорғады.

       1989 жылдан бастап Тарбағатай теріскейі, Шыңғыстау мен Алтайдың қола, ерте темір, түркі дәуірі ескерткіштерін зерттеумен айналысты. Қазақ-француз біріккен археологиялық экспедициясының құрамында Берел қорымындағы сақ дәуірінің қорғандарында, 1999 жылы Қазақ-Ресей біріккен археологиялық экспедициясының зерттеулері бойынша ШҚО Марқакөл ауданы жерінде кешенді зерттеулерге қатысты. 2003 жылы Шілікті алқабындағы археологиялық экспедициясына, 2004 жылы Батыс Қазақстандағы кешенді археологиялық зерттеулерге қатысып, қазба және барлау жұмыстарына атсалысты. 2008 жылдан 2011 жылға дейін Үйгентас экспедициясына, Ойжайлау сақ, түркі дәуірі ескерткіштерінде, ортағасырлық қалаларында археологиялық зерттеу жұмыстарын және археологиялық барлау жүргізді.

       Ғ.Омаровтың басшылығымен «Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданының археологиялық ескерткіштері», «Оңтүстік-Батыс Алтайдың ежелгі және орта ғасыр көшпелілері: пәнаралық зерттеу» және «ШҚО Үржар ауданының археологиялық ескерткіштері», ал 2018-20 жылдар аралығында «Көне заманнан орта ғасырларға дейінгі Қазақ Алтайы тұрғындарының сакралды кеңістігі және жерлеу-ғұрыптық рәсімдері» тақырыбында ғылыми-зерттеу жұмыстары нәтижелі атқарылды.

       Қазіргі кезде Ғани Омаровтың жетекшілігімен ҚР БжҒМ жариялаған 2021-23 жылдарға арналған ШҚО «Аягөз ауданының археологиялық ескерткіштері: пәнаралық зерттеу» және ҚР мәдениет және спорт министрлігінің «Шелек-Талғар қосөзені аралығындағы ерте көшпелілер қорғандарының конструктивті ерекшеліктері» атты 2020-22 жылдарға арналған ғылыми жобалар аясында зерттеу жұмыстары жүргізілуде.

       Білім беру мен ғылымдағы жетістіктері үшін ғалым-археолог ҚР БжҒМ «2014 жылдың жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағын иеленді, «Ы.Алтынсарин» және «ҚазҰУ-ға – 80 жыл» төсбелгілерімен марапатталды.