Индикативтік жоспар қорытындысы жарияланды

22.06.2021

Көрулер: 4165

Бүгін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде онлайн режімде Ғылыми кеңес мәжілісі өтті. Онда 2020-2021 оқу жылындағы индикативтік көрсеткіштердің орындалуы және оқытушы профессорлар құрамы, кафедралар мен факультеттер рейтингісінің қорытындылары талқыланды.

2020-2021 оқу жылындағы индикативтік көрсеткіштер бойынша Стратегиялық даму орталығының директоры Гүлшарат Минажева хабарлама жасады. Орталық жетекшісі индикативтік жоспардың қазіргі таңда жалпы университет қызметін, оның ішінде оқытушы, кафедра, факультет жұмыстарын реттеу және жоғары оқу орнының жаһандық рейтингтегі көрсеткіштерін жақсартудың үздік құралдарының бірі екенін жеткізді.

Білім ордасының биылғы индикативтік жоспары оқытушылар үшін 3 бағыттан: оқу-әдістемелік, ғылыми-зерттеу және әлеуметтік-тәрбие жұмыстарынан тұрса, кафедра деңгейінде төртінші бағыт – бедел бағасы қосылды. Бұл бағыттар өз ішінде көптеген көрсеткіштерді қамтитыны белгілі. Атап өтсек, қосдиплом және бірлескен білім бағдарламалары, Scopus-тағы жарияланымдар, дәйексөздер келтіру, ғылыми жобалар, студенттік шәкіртақы көлемі, имидждік мақалалар, сонымен қатар сарапшылар бойынша мәліметтер базасын қалыптастыру, академиялық сарапшылар және жұмыс берушілер сауалнамасы бойынша көрсеткіштер және т.б.

«Университетте негізінен ғылыми-зерттеу жұмыстарына басымдық беріледі, сондықтан жоспарда осы бағыт үлкен коэффициентке ие. Индикативтік жоспар жылдың басында бекітіледі және оның барлық көрсеткіштері халықаралық рейтингтердің индикаторларымен сәйкестендірілген» – деді Гүлшарат Салауатқызы.

Стратегиялық даму орталығының директоры алдымен биылғы рейтинг қорытындысы бойынша жоғары балл жинап, көш бастаған жетекші ғалымдар мен профессорлар тізіміне тоқталды. Олар: Қайрат Дәулетов, Әлібек Исахов, Тілекқабыл Рамазанов, Сулейман Аллахбердиев, Thierry Djenizian, Амангелді Бисенбаев, Көмеш Тоқтархан, Жандос Молдабеков, Зәуре Ракишева, Болатхан Заядан және басқалар.

Кафедра деңгейіндегі көрсеткіштерге келсек, оқу-әдістемелік жұмыс бойынша алғашқы үздік үштік: теплофизика және техникалық физика; теориялық және ядролық физика; Қиыр Шығыс кафедралары. Ғылыми-зерттеу жұмыстары бойынша: денсаулық сақтау саясаты және ұйымдастыру; археология, этнология және мұрағаттану; математикалық және компьютерлік модельдеу кафедралары. Әлеуметтік-тәрбие жұмыстары бойынша: тілдік және жалпы білім беру; дипломатиялық аударма; мерзімді және электронды БАҚ кафедралары. Ал бедел бағасы бойынша: дінтану және мәдениеттану; Қазақстан тарихы; дүниежүзі тарихы, тарихнама және деректану кафедралары озық көрсеткішке ие болды.

Аталған 4 бағыт көрсеткіштері қосындысында 66 кафедра арасынан денсаулық сақтау саясаты және ұйымдастыру; аналитикалық, коллоидтық химия және сирек элементтер технологиясы; қылмыстық құқық, қылмыстық іс жүргізу және криминалистика кафедралары үздік нәтиже көрсетіп отыр.

Ал факультеттердің жалпы рейтингісінде химия және химиялық технологиялар факультеті өткен жылғы алғашқы орнын сақтап қалды. Екінші орында заң факультеті, үшінші орынға физика-техникалық факультеті тұрақтады.

Мәжілісте оқу орнының сан қырлы қызметінің көрсеткіші болып табылатын стратегиялық маңызы зор жоспарға механика-математика факультетінің деканы Дәурен Жакебаев бастаған арнайы топ сараптама жасап, өз ұсыныстарын көпшілік талқысына ұсынды. Комиссия мүшелері индикативтік жоспардың артықшылықтарын айта келе, жоғары көрсеткіштері бар қызметкерлерді ынталандыру маңызды қағидат болып қалатынын атап көрсетті.

Сондай-ақ жиында 2020-2021 оқу жылындағы білім беру қызметіне әлеуметтік рейтингінің нәтижелері, диссертациялық кеңес туралы ереже және білім ошағындағы диссертациялық кеңестер құрамын бекіту, ғалымдардың монографияларын баспаға ұсыну сынды күн тәртібіндегі түрлі мәселелер қаралды.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі