Ғылыми жобаларды қаржыландыру қарастырылады

12.06.2021

Көрулер: 3174

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев Ғылым қорының Басқарма төрағасы А.Орсариевпен кездесті. Тараптар ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруға бағытталған ұзақмерзімді ынтымақтастықтың тиімді бағыттарын талқылады.

Оқу орнының ректоры университет ғалымдары Ғылым қоры желісі бойынша қаржыландыру алған 10 жобаның жұмыс барысына тоқталды. Оның аясында нанобөлшектер негізінде энергия үнемдейтін шамдар өндіру, бағдарламалық кешендер құру, полиэфир шайырларын бөлу және өзге де ғылымды көп қажетсінетін технологиялар шығару бойынша шағын сериялы өндірістер іске қосылғанын айтты.

Өз кезегінде қор басшысы Қазақстан және шетелде ғылыми қызмет нәтижелерін коммерцияландыруға ортақ мүдделестік танытты. Осы бағытта ұйым аяқталған ғылыми жобалар жайлы жалпы ақпараттарды жинау жұмыстарын жүргізетінін жеткізді. Оның айтуынша, бұл мәліметтер жобаларды одан әрі қаржыландырудың тартымдылығын анықтауға аса қажет.

Сонымен қатар қадірменді қонақ әлеуетті бизнес-серіктестерге коммерциялық тартымды ғылыми жобаларды ұсыну үшін бизнес-жеделдету бағдарламасын жасауды қолдайтынын және өзара әрекеттестікке дайын екенін жеткізді.

Келіссөз нәтижесінде университеттің ғылыми әзірлемелерін өндіріске енгізу үшін материалдық-техникалық базасы бар бизнес-серіктестерді тарту басты межеге алынды. Сондай-ақ стартап-компанияларды қаржыландыру, зияткерлік меншік объектілерінің лицензия алуына қолдау көрсетуге қажетті инвестициялар табу және ынтымақтастықты одан әрі дамыту қадамдары кеңінен қаралды.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі