Ақынға арналған турнир мәреге жетті

09.05.2021

Көрулер: 2721

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде О.Сүлейменовтің 85 жылдығына орай әуесқойлар арасында жағажай волейболынан өткен халықаралық турнир өз мәресіне жетті. 

Спорттық шара Алматы қаласы әкімдігі, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және қалалық Волейбол федерациясының қолдауымен, «Буревестник-Алматы» спорт клубының ұйымдастыруымен жүзеге асты.

Салтанатты жабылу рәсіміне Қазақстанның Еңбек ері Олжас Сүлейменов, білім ордасының басшысы Ж.Түймебаев, Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Темірхан Досмұхамбетов, Ардагерлер кеңесінің генералы Амангелді Құрманәлиев, «Буревестник» СК президенті, генерал-лейтенант Амангелді Шабдарбаев, «Алқа» халықаралық мәдениет қорының президенті Алуа Таңжарықова, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері Неилли Щербакова қатысты.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев жиналғандарды 9 мамыр – Жеңіс күнімен құттықтап, Олжас Сүлейменовтің 85 жылдығына арналған турнир ақынға деген туған елінің зор құрметі мен сүйіспеншілігінің көрінісі екенін жеткізді.


Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Спорттың бұқаралық сипатын дамыту – мемлекетіміздің стратегиялық басым бағыттарының бірі» деп атап өткен болатын.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Үкімет пен Парламент спорттың бұқаралық сипат алуына ықпал етуі тиіс!» деп тапсырды. 

Сондықтан университет басшысы елдің мерейін асырып, абыройын тасытатын спорт саласын дамыту – баршамыздың ортақ парызымыз екенін алға тартты.

Сондай-ақ генерал-лейтенант Амангелді Шабдарбаев басқаратын «Буревестник» спорт клубына алғыс білдіріп, жеңімпаздарға арналған жүлде қоры 1 миллион теңгені құрайтынын жеткізді.

Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, «Буревестник» спорт клубының президенті Амангелді Шабдарбаев, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері Неилии Щербакова жарысқа қатысушыларды құттықтап, сәттілік тіледі.
Атап өтсек, турнирге Қырғызстан, Өзбекстан және өз елімізден 63 команда қатысып, бақ сынаған болатын.

Нәтижесінде үш күн бойы жеңіске ұмтылған әртүрлі жастағы ойыншылар мәреден көрініп, арнайы кубокпен және дипломдармен марапатталды.


Әйелдер арасынан 2х2 санатындағы жүлделі І орынды – «Талғар-1», ерлер арасынан «Шарын» командасы иеленді. Ал ерлер мен әйелдер арасындағы 4х4 санатында «МВД» және «Өзбекстан» командалары топ жарды. «Буревестник» командасы 4х4(+40) дәрежесінде І орынды жеңіп алса, 4х4 (+50) дәрежесінде О.Сүлейменовтің ерлер командасы ешкімге дес бермеді.

Жеңімпаздарды құттықтаймыз!

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің Баспасөз қызметі